Қазақстандық шахматшы Бибісара Асаубаева блицтен үш дүркін әлем чемпионы атанды

Бибісара Асаубаева Дохадағы чемпионат кезінде. Қазақстан шахмат федерациясының сайтынан алынған скриншот.

Блиц бойынша әлем чемпионатын қазақстандық шахматшы Бибісара Асаубаева үшінші рет жеңіп алды. Бұл жөнінде Қазақстан шахмат федерациясы хабарлады. Шахмат турнирі Катар астанасы Дохада 26-30 желтоқсан аралығында өткен.

Финалда Бибісара Асаубаева украиналық Анна Музычукпен кездескен. Алғашқы үш партия тең нәтижемен аяқталған. Шешуші төртінші партияда қазақстандық шахматшы қарсыласынан басым түсіп, әлем чемпионы атағын жеңіп алды.

Осылайша Бибісара Асаубаева Қазақстан тарихында блицтен үш дүркін әлем чемпионы атанған алғашқы шахматшы болды. Ол бұған дейін 2021 және 2022 жылдары да әлем чемпионатында жеңіске жеткен.

Ақорданың хабарлауынша, президент Қасым-Жомарт Тоқаев Бибісара Асаубаеваны шахматтың блиц түрінен әлем чемпионатындағы жеңісімен құттықтап, "Барыс" орденімен марапаттаған.

"Бибісара Асаубаеваның халықаралық жарыстардағы айтулы жетістіктері мен ел шахматын дамытуға қосқан елеулі үлесі үшін оны ІІ дәрежелі «Барыс» орденімен марапаттау туралы шешім қабылдадым" деп Ақорда Тоқаевтың құттықтауынан үзінді келтіреді.

Рапид бойынша 35 жастағы норвегиялық шахматшы Магнус Карлсен және 27 жастағы Александра Горячкина әлем чемпионы атанды. Блицтен ерлер бойынша Карлсен чемпион болды.