Қазақстанның екі өңірінде еріген су жолға шықты

Көрнекі сурет.

Қазақстанның екі өңірінде еріген су жолға шықты.

27 наурызда кешке “Астана – Павлодар” автожолында еріген су жолға шыққан. “ҚазАвтожолдың” хабарлауынша, Астана – Шідерті – Павлодар – Успенка – РФ шекарасы жолының 117-шақырымында еріген су жолды басқан.

"Су жайылған учаскенің ұзындығы шамамен 50 метрді, тереңдігі 15–20 см-ді құрайды. Аталған жағдай маусымдық су көлемінің артуы мен мұздың жүруіне байланысты қалыптасқан” деп жазылған компанияның хабарламасында.

Ресми ақпаратқа қарағанда, жол төсемін нығайту және қалпына келтіру, сонымен бірге су ағынын реттеу мақсатында қорғаныс үйіндісін жасау жұмыстары жүргізіліп жатыр.

"Аталған учаскеде көлік қозғалысы қалыпты режимде қамтамасыз етілген, автокөліктердің жиналуы байқалмайды. Қауіпсіздікті арттыру мақсатында белгі беру бағаналары орнатылып, жол жағдайына тұрақты бақылау ұйымдастырылған. Елді мекендерге қауіп төніп тұрған жоқ" деді "Қазавтожол".

Ал Қарағанды облысында 27 наурызда кешке Қарағанды – Теміртау тас жолын су басты деп хабарлады “Вечерняя Караганда” басылымы. Облыс әкімдігінің хабарлауынша, қар жылдам ерігендіктен жолдың бір бөлігінде еріген қар суы жиналған. Мұнда су басқан учаскені қоршау жұмысы жүргізілген.

Бұған дейін төтенше жағдай министрлігі Қазақстанның төрт өңірінде 15 елді мекенге су басу қаупі төніп тұрғанын хабарлаған. Бұлар: Ақмола, Солтүстік Қазақстан, Абай және Батыс Қазақстан облыстары.