Қазақстанның оқу-ағарту министрлігі амандасу әдебі жайлы әдістемелік ұсыныстар әзірленіп жатқанын айтты

Қазақтың көнеден келе жатқан салты бойынша, амал мерекесі кезінде бір-бірімен құшақтасып көрісіп жатқан адамдар. Маңғыстау облысы, 14 наурыз, 2015 жыл. (Азаттық архивіндегі фото)

Қазақстанда оқушылардың амандасу әдебі бойынша әдістемелік ұсыныстар дайындалып жатыр. Құрылтайдағы "Әділет" фракциясының мүшесі депутат Ерлан Сайырдың елдегі білім беру мекемелерінің күнделікті тәрбие жұмысына амандасу әдебін енгізу туралы ұсынысынан кейін осындай бастама көтеріліп отыр.

Сайырдың депутаттық сауалына берген жауабында оқу-ағарту министрлігі амандасу әдебін қалыптастыру жөніндегі ұсыныстарды әзірлеумен Ыбырай Алтынсарин атындағы Ұлттық білім академиясы айналысатынын, осы үшін ғалымдар, сарапшылар мен азаматтық қоғам өкілдерінен тұратын жұмыс тобы құрылғанын хабарлаған.

"Білім алушылардың амандасу әдебін қалыптастыру мәселесі – ұлттық мәдениет пен дәстүрді дәріптеу, үлкенді құрметтеу, кішіге ізет көрсету, өзара сыйластық пен әдептілік құндылықтарын орнықтыру тұрғысынан өзекті" дейді оқу-ағарту министрлігі.

Мекеме аталған құжатты дайындау барысында білім беру процесіне қатысушылардың, мүдделі тараптардың, мемлекеттік органдардың ұсыныстары мен пікірлері ескерілетінін және ұсыныстар дайын болған соң депутаттармен қосымша талқыланатынын айтқан.

Оқу-ағарту министрлігі мәдени мінез-құлық пен әдеп нормаларын сақтауға, жауапкершілік пен өзара құрметті дамытуға бағытталған жүйелі тәрбие жұмысы ел президентінің тапсырмасына сәйкес әзірленген "Адал азамат" біртұтас тәрбие бағдарламасы аясында 20877 білім беру ұйымында жүргізіліп жатқанын хабарлаған.

9 қыркүйекте Құрылтай отырысында депутат Ерлан Сайыр амандасу мәдениетін ұлттық бірегейліктің ең қарапайым әрі ең көрнекті элементтерінің бірі деп атап, ол мектептерде жүзеге асырылуға тиіс "ұлттық бірегейлікті нығайтудың ұзақ мерзімді мемлекеттік саясатының" бір бөлігіне айналуы керек деп мәлімдеген. Сайыр мұны Қазақстан президенті Қасым-Жомарт Тоқаевтың қоғамда амандасу әдебін қалыптастыру қажеттігі туралы айтқан сөзінен кейін айтқан еді.

ОҚИ ОТЫРЫҢЫЗ

"Әділет" фракциясы "ұлттық құндылыққа" негізделген амандасу әдебін енгізуді ұсынды

23 тамызда, Құрылтай сайлауына дауыс беру күні Тоқаев "ер адамдардың бір-бірін құшақтап, сүйіп амандасуы, сәлемдесу барысында әйелдердің ерлерді, ер адамдардың әйелдерді бетінен сүюі дұрыс емес. Біздің салт-дәстүрімізде мұндай ешқашан болмаған" деп сын айтқан.

"Әсіресе, әскери форма кигендердің, генералдардың осылай істегені көзге оғаш көрінеді. Бұл не масқара? Совет одағы маршалының, Дүниежүзілік соғыста, Ұлы Отан соғысында жеңіске жеткен маршалдардың осындай қылық көрсеткенін елестете аласыздар ма? Еркектер қолының ұшын ұстата салмай, қолды қаттырақ қысып амандасуы керек. Сәл жымиса ғана жеткілікті. Әрқашан солай болған" деп мәлімдеген Тоқаев.

Your browser doesn’t support HTML5

Құшақтасуға бола ма?