KAZ Minerals шахтасында тағы бір жұмысшы қаза болды. Компанияның хабарлауынша, 30 мамырда сағат 20:30 шамасында «Шығыстүстімет» компаниясына қарасты Артемьев шахтасында тау жынысы опырылып, жұмысшыны басып қалған. Учаскеде жұмыс тоқтатылған.
Компания өкілдері оқиғаның мән-жайын анықтайтынын айтты және марқұмның отбасына қажетті көмек пен қолдау көрсетуге уәде берді.
Кейінгі кезде KAZ Minerals шахталарында адам өлімі жиіледі. 9 мамырда жөндеу жұмыстарын жүргізу кезінде шаң және желдету қызметінің механигі шамамен 9 метр биіктіктен құлап, алған жарақаттан мерт болған.
27 сәуірде KAZ Minerals қарасты Орлов шахтасында тау массасы опырылып түсіп, екі жұмысшы астында қалған. Бірі сол орында мерт болды. Екінші жұмысшыға медициналық көмек берілген.
Тау-кен металлургиясымен айналысатын KAZ Minerals құрамына Павлодар облысындағы Бозшакөл және Абай облысындағы Ақтоғай ашық кен орындары, Шығыс Қазақстан облысындағы жер асты кеніштері (Артемьев, Орлов және Ертіс), сондай-ақ Қырғызстандағы Бозымшақ алтын-мыс кен орны кіреді.
Компанияның акционері – 65 жастағы миллиардер Владимир Ким. Биыл Forbes журналы оның байлығын 5,9 миллиард доллар деп бағалаған, былтырғымен салыстырғанда 200 миллион долларға өскен.
Ұлттық статистика бюросының мәліметінше, 2025 жылы Қазақстанда өндіріс орындарында 2328 адам зардап шеккен. Бірақ онда қанша адамның қаза болғаны айтылмады. Оқиғалардың ең көбі Шығыс Қазақстан облысында тіркелген.
Былтыр қазанда 2025 жылы өндіріс орындарында 934 жұмысшы зардап шеккені, 133-і қаза болғаны айтылған еді.