"Алауыздық қоздырды" деп айыпталған Qaznews24 сатиралық паблигінің авторы Темірлан Еңсебектің ісі бойынша сот процесі 9 сәуірде сағат 11.00-де басталмақ. Бұл туралы Азаттық Азияға оның адвокаты Жанар Балғабаева айтты, оған сот тыңдауы өтетін Алматы қаласы Наурызбай аудандық сотынан хабарлаған.
Бұған дейін Алматының Алмалы аудандық сотының ұйғарымы бойынша, Еңсебектің ісі алдын ала тыңдау кезеңіне қайтарылып, қаланың Наурызбай аудандық сотына жіберілген еді.
Оффлайн режимде өтетін сотта істі қарауға судья Бейнегүл Қайсина тағайындалған.
Темірлан Енсебектің ісі бойынша сот бірнеше рет кейінге қалдырылған. Әуелде 14 ақпанға белгіленген, кейін 21 ақпанға ауыстырылды. Бірақ тағы да ысырылып, ақырында 27 ақпанда Алматының Алмалы аудандық сотында негізгі сот процесі басталған-ды. Бірақ прокурор Айнаш Жуаспаеваның өтінішімен сотта үзіліс жасалып, іс алдын ала тыңдауға қайтарылды. Прокурор айыпталушы Темірлан Енсебек Наурызбай ауданындағы үйінде "қылмыс жасалғандықтан" бұл істі Наурызбай аудандық сотына беру қажет деген уәж айтты. Адвокат прокурордың сөзіне келіспей, қылмыстық іс қозғағау ілік болған даулы пост дәл Наурызбай ауданында жарияланғаны дәлелденбегенін айтты. Судья прокурордың өтінішін қанағаттандырды.
Qaznews24 сатиралық паблигінің авторы Темірлан Еңсебекті полиция 17 қаңтарда Алматыда ұстады. 18 қаңтарда тергеу соты оны екі айға қамауға алу туралы шешім шығарды. Еңсебекке "ұлтаралық алауыздық қоздырды" деген айып тағылды. Бұл бап бойынша қылмыс жасады деп танылған адамға айыппұл салу я 2-7 жыл аралығындағы мерзімге бостандығынан айыру немесе еркіндігін шектеу жазасы қарастырылған. Еңсебек өзіне тағылған айыптауларды жоққа шығарған.
Еңсебек қамауға алынғаннан кейін Қазақстанның бірнеше қаласында белсенділер мен журналистер оны қолдап жалғыз адам пикетін өткізді, көбін полиция ұстап әкетіп, айыппұл салды я әкімшілік қамауға алды. Еңсебекті қолдаушылар пикетке "Сатира қылмыс емес" деген жазу ұстап шыққан еді.
International Partnership for Human Rights, Human Rights Watch, Amnesty International халықаралық құқық қорғау ұйымдары мен "Журналистерді қорғау комитеті", Article 19 ұйымы Қазақстан билігін Темірлан Еңсебекті босатуға үндеген. Сатиралық паблик авторының үстінен іс қозғалғанын тәуелсіз сарапшылар да сынға алған. Белсендінің жақтастары Темірлан саяси астармен қудалауға түсіп жатыр деп біледі.
ОҚИ ОТЫРЫҢЫЗ "Үнсіз қала алмадым". Темірлан Еңсебекті қолдап пикетке шыққандарды жазалау