20 наурызда Алматының тергеу соты ҚазТАГ басшысы Әсет Матаевты екі айға қамады. Бұл жөнінде адвокаты Рена Керимова Азаттыққа хабарлады.
"Сот екі айға қамады, бірақ прокуратураға дереу медициналық көмек көрсету қажеттігін ескертті" деді адвокат.
Ол Қылмыстық кодекстің 293-бабының ("Бұзақылық") 2-бөлімі бойынша күдікке ілінген. Бұл бап бойынша 3-тен 6 жылға дейін бостандығынан айыру көзделген.
Осы аптада Әсет Матаевтың Алматыда төбелес кезінде соққыда жығылғаны хабарланған еді. Полицияның айтуынша, “Бұзақылық” бабы бойынша іс қозғалып, төбелеске қатысушылар оның ішінде, Матаев та ұсталған. Адвокат бұған дейін оның басы жарылғанын, өзін нашар сезінетінін айтқан еді.
Адвокат бір күн бұрын желіде жанжалдың неден туындағанын да жазған.
"Әсеттің досы жігіттердің бірін қызбен шатыстырып алған, менің түсінуімше, жанжал содан туындаған. Қараңғыда түнгі сағат 2-де досымен отырыстан кейін шатыстыру алу оңай еді" деп жазды.
Ол Әсет Матаевқа қарсы “Көрінеу жалған ақпарат тарату” бабы (274-бап) бойынша қылмыстық қудалау тоқтатылғанын да хабарлаған еді. Дегенмен ҚазТАГ-тың бас редакторы Әмір Қасеновке қарсы іс тоқтатылмаған. Тергеу жалғасып жатыр деді адвокат.
2025 жылы желтоқсанда басында ҚазТАГ басшысы Әсет Матаев пен бас редактор Әмір Қасенов "көрінеу жалған ақпарат таратты" деген күдікке ілінген. Содан бері Қасенов үйқамақта отыр, қылмыстық іс бойынша тергеу жүріп жатыр. 2026 жылы қаңтарда прокуратура Матаевты да үйқамаққа алу туралы өтініш беріп, кейін оны қайтарып алған. ҚазТАГ бұл істі өздеріне жасалған қысым деп санайды.