ҚазТАГ-тың бас редакторы Әмір Қасенов ауруханаға жеткізілді

Әмір Қасенов

Дүйсенбіден бері құрғақ аштық ұстап жатқан ҚазТАГ-тың бас редакторы Әмір Қасеновтің ахуалы нашарлап, ауруханаға жеткізілді. Бұл жөнінде адвокат Рена Керимоваға сүйенген Elmedia мен ҚазТАГ хабарлады.

Адвокаттың сөзінше, Қасенов өздігінен жүре алмай, тергеу изоляторының қызметкеріне сүйеніп адвокатпен кездесуге әрең келген.

“Жағдайы өте мүшкіл. Өздігінен жүре алмайды деуге болады. Тергеу изоляторының қызметкеріне сүйеніп адвокатпен кездесуге келді. Ақырын сөйлейді, жаза алмайды. Үстелге қолы мен басын қойып, өзін өте қатты нашар сезінетінін, “жедел жәрдем” керегін айтты” деді Керимова ҚазТАГ-қа.

Оның сөзінше, адвокат бірден тергеу изоляторының әкімшілігіне қайырылып, жедел жәрдем көлігін шақыруды талап еткен. Бұдан соң Қасеновті тергеу изоляторынан жедел жәрдем алып кеткен.

ҚазТАГ-тың жазуынша, Қасенов №4 клиникалық ауруханаға жеткізілген.

Осы апта басында Қасенов үйқамақтан тергеу изоляторына ауыстырылған еді. Содан кейін ол құрғақ аштық жариялаған. Карантин камерасынан жазған хатында ол “заңсыздық пен жүгенсіздікке қарсылық білдіріп”, аштық жариялағанын айтқан еді.

2025 жылы желтоқсан айының басында ҚазТАГ директоры Әсет Матаев пен ҚазТАГ агенттігінің бас редакторы Әмір Қасенов "көрінеу жалған ақпарат таратты" деген күдікке ілінген. Көктемде Матаевқа 274-бап бойынша қозғалған іс тоқтатылғаны белгілі болды. Есесіне наурыздағы төбелестен кейін оған 293-бап, 254-бап қосылған.

Ақпарат агенттігінің үстінен Freedom Finance компаниясы арыз түсірген. ҚазТАГ бұған дейін Freedom Finance компаниясындағы "алаяқтық схемалардан зардап шеккендер" жайлы деп бірнеше мақала мен видео жариялаған. Ал Freedom Finance жарияланған мақала мен видеолар шындыққа жанаспайды дейді. ҚазТАГ бұл істі өздеріне жасалған қысым деп санайды.

Бұған дейін тараптар ымыраға келе алмаған. Ақпаратқа қарағанда, шағым берушінің қойған шарттары арасында "жалған ақпарат таратқанын мойындау" туралы талап бар. Ақпарат агенттігі "компаниядан зардап шеккендердің" мәліметтері мен құжаттарына сүйенгенін материал жазғанын айтып, талаппен келіспеген.

Қазір Алматының Алмалы аудандық сотында сот жалғасып жатыр.