Дүйсенбі, 16 қараша күні әлеуметтік желілерде Алматыдағы әл-Фараби атындағы Қазақ ұлттық университетінде бір студент қаза тапқаны туралы ақпарат тарады. Алматының полиция департаментінің баспасөз қызметі бұл оқиға бойынша күдікті адам ұсталып, қылмыстық іс қозғалғанын хабарлады.
"Аталған факті бойынша Бостандық аудандық полиция басқармасы қылмыстық іс қозғады. Күдікті адам ұсталды", – деген полиция істің егжей-тегжейін айтқан жоқ.
Ұлттық университеттің баспасөз қызметі география және табиғатты пайдалану факультетінің бірінші курс студенті қазаға ұшырағанын хабарлап, оның ата-анасы мен туған-туыстарына көңіл айтты. Жоғары оқу орны бұл оқиғаның мән-жайын анықтап жатқан құқық қорғау органдарына тергеу ісіне жан-жақты қолдау көрсететінін хабарлады деп жазды ҚазАқпарат.
Алматылық журналист Михаил Козачков университет жатақханасындағы жас жігіттің өліміне күдікті ретінде екінші курс студенті ұсталғанын хабарлап, адам қазасына әлімжеттік оқиғасы себеп болуы мүмкін деп жазды.
17 қараша күні ҚазҰУ басшылығы "жатақханадағы қауіпсіздік пен тәртіпті қамтамасыз етуді қоса алғанда, өз міндеттерін тиісінше орындамағаны үшін" жоғары оқу орнының әлеуметтік-тұрақты даму жөніндегі проректоры мен география және табиғатты пайдалану факультетінің деканы қызметінен босатылғанын хабарлады. Бұған қоса, қайғылы оқиға болған күні кезекшілік атқарған қызметкерлер де жұмыстан шеттетілген.
Кейінгі он күнде әл-Фараби атындағы ұлттық университетте осымен екінші студент қазаға ұшырады. 6 қарашада университеттің студенттер қалашығы аумағында журналистика факультетінде бірінші курста оқитын студент қаза болған еді. Полиция қылмыстық іс қозғап, тергеу бастаған. Ол оқиғаның да жай-жапсарын ресми орындар әзірге жариялаған жоқ.
Ал содан жарты жыл бұрын, 6 мамыр күні Алматыдағы Абай атындағы ұлттық педагогика университетінің бірінші курс студенті биік ғимараттың сегізінші қабатынан құлап мерт болған.