Алматы облысы Қонаев қаласының сотында мемлекеттік субсидия саясатын сынап, кейін өзі "аса ірі көлемде ақша жымқырды" деп айыпталған кәсіпкер әрі қоғам белсендісі Алмасбек Садырбайдың соты өтіп жатыр.
Адвокаты Анар Құсайынованың сөзінше, алғашқы сот отырысы 9 сәуірде басталған. Содан бері үш отырыс өткен. Соңғы рет отырыс кеше, 22 сәуірде болған. Прокурор Әлімжан Санабаев 4 сағат бойы айыптау актісін оқып, тауыса алмаған.
Оның алдында бір күн бұрын қорғау жағы судьяны ауыстыру туралы өтініш түсіргенмен өтініш орындалмаған. Адвокаттың айтуынша, ол Садырбайды босату және оның ісін Талдықорған сотына беру туралы өтінішті орындамаған Қонаев сотының қаулысын апелляциялық сатыда дауламақ болған. Алайда судья Қойшыбаев оған мүмкіндік бермеген.
Бірер күн бұрын әлеуметтік желіде Алмасбек Садырбайдың сот залында сөйлеген сөзі тарады. Онда Садырбай түрмедегі аухалдың нашар екеніне шағынып, процесс басталса да іс материалдарымен толық таныса алмағанын айтқан. Видео 9 сәуірде түсірілген.
1.5 жылдай қамауда отырған белгілі ауыл шаруашылығы сарапшысы әрі кәсіпкер Алмасбек Садырбай сотта түрмедегі бассыздық жайлы айтты. Алматыдағы СИ-72 түзету мекемесінде «20 күн отырдым» деген ол «соның тең жартысы еш негізсіз карцерде өтті» деді. Белсендінің сөзінше, қызметкерлер сотталушыға моральдық қысым жасап, кейде түрлі кедергіні қолдан ұйымдастырады. Төсек-орын кір, матрас не көрпе-жастық жоқ, санитарлық жағдай нашар. Ең бастысы күнделікті ас мәзірін тамақ деудің өзі ұят деп қынжылды.
– Сары май. Айтыңыздаршы, күніне неше рет сары май жейсіздер? Ал біз – 80 адам, бәлкім түрмеде отырған 1600 сотталушының бәрі, аптасына бір-ақ рет жейміз. Стандарт бойынша күн сайын делінген. Бюджетте әр сотталушыға осынша грамм сары май деп бекітілген. Шындығында, ол сақталмайды. Сүт. Біз аптасына бір-ақ рет ішеміз. Сол бір литр сүтті 5 не 7 адам бөліп ішеміз, болды, одан артық бермейді. Тамаққа ет мүлдем қоспайды. Кәдімгі ірі қара, қой мен жылқының еті жоқ. Кейбір тамақта тауықтың сүйегі жүреді. Меніңше, тауықтың етін сылып алып, сәл де болсын дәм берсін деп құр сүйекті салып, пісіріп, бізге береді, - деді Алмасбек Садырбай сотта.
Садырбай 72 сағат құрғақ аштықта отырғанын, осы аралықта 7 келі салмақ тастағанын айтты. Сөзінше, кейінгі кездері мекемесі «карантин» деген желеумен сәлемдемеге де тыйым салған. Қамауда отырғандар туыстары жіберетін керек-жарақтан қағылып, жартылай аш отыр деді. Ол мұны азаптауға теңеді. Бұған қоса түрмедегі мыңдаған адам таза ауаға да шыға алмайды. Аптасына бір рет серуендейтін жер көгершін қауырсыны басқан «қораға» айналған.
Алматыдағы CИ-72 мекемесі әзірге реакция білдірмеді. 23 сәуірде Азаттық тілшісі мекемеден жауап алуға тырысқанмен жауап ала алмады.
Адвокаты Анар Құсайынованың сөзінше, ол Алмасбек Садырбайды Қонаевтағы уақытша қамау изоляторына ауыстыруға қол жеткізе алған. Қазір Садырбай Қонаевтағы изоляторда.
Алмасбек Садырбай және тағы алты адамға қатысты тергеу амалдары былтыр жазда аяқталған. Олар «алаяқтық», «қылмыстық жолмен алынған кірісті заңдастыру», «қылмыстық топтың ісіне қатысу» баптары бойынша күдікке ілінген. Кәсіпкер айыпты мойындамады әрі істің саяси астары бар деп санайды. Ал 2025 жылдың соңында президент Қасым-Жомарт Тоқаевқа қайрылған еді. Ол іс біржақты қаралып жатқанын айтып, тергеу толымсыз әрі заңсыз жүргеніне шағынған.
Алмасбек Садырбай 2024 жылдың 6 қарашасында ұсталды. Сол кезде Қазақстан қаржы мониторингі агенттігі оның аса ірі мөлшерде алаяқтық жасады деген күдікке ілінгенін хабарлаған. Ресми ақпаратқа қарағанда, Садырбай Балқаш, Еңбекшіқазақ, Райымбек, Ұйғыр және Кеген аудандарында "жалған ауылшаруашылығы кооперативтерін құру арқылы заңсыз субсидия алған". Сөйтіп мемлекеттен 1,2 млрд теңге ұрлаған.
Алмасбек Садырбай – фермер әрі қоғам белсендісі. Еңбек жолын Алматы қаласы басқармаларының бірінде мемлекеттік сатып алу бөлімінен бастаған. Кейін QAZYNA агрохолдингі, ауылшаруашылығы өндірістік кооперативтер қауымдастығы, «Шаңырақ» ұйымы және қойшылардың «Шопан ата» қауымдастығын басқарған. Осы саладағы өткір мәселелерді көтеріп, кем-кетік тұсын айтқан. Кейінгі жылдары мемлекеттің субсидия саясатын сынап, оны үлестіруді ауылшаруашылығы министрлігінен алып, «Атамекен» палатасына беруді ұмынған еді.