Қолдау тобы: Шешенстанда Мовлаевтың бауыры азапталған

Мансур Мовлаев

Қазақстанда экстрадициялық қамауға алынған шешен азаматы Мансур Мовлаевтың бауыры Зелимхан Мовлаевты Шешенстанда ұрлап әкетіп, азаптаған. Бұл жөнінде Instagram-дағы Мовлаевты қолдау тобы хабарлады.

«2026 жылдың мамыр айында ол ауруханаға жеткізілді. Оның тік ішегінде ауыр жарақат болған. Қазіргі кезде ол алған жарақаттан дұрыс отыра да, ұйықтай да алмайды» деп жазылған хабарламада.

Зелимхан Мовлаевтың күштеп әкетіліп, азапталғаны жайлы ақпаратты растайтын басқа дереккөз табылмады. Шешенстан билігі ақпаратқа түсініктеме берген жоқ.

Қолдау тобы өкілдерінің айтуынша, Зелимханның Мансур Мовлаевтың әрекетіне еш қатысы жоқ.

Қазақстаннан босқын мәртебесін сұраған шешенстандық белсенді Мансур Мовлаевтың аппеляциялық шағымы жуырда қанағаттандырылмаған еді.

Шешенстан билігін ашық сынап жүрген Мовлаев Ресейге экстрадицияланатын болса, ол жақта өзін азаптап, өлтіріп тастауы мүмкін екенін мәлімдеген. Сондықтан ол Қазақстаннан босқын мәртебесін сұраған. Ал Ресей оған "экстремизм" айыбымен іздеу жариялаған. Қазақстан белсендіні Ресейдің сұрауы бойынша қамауға алған еді. Адвокаты мен жақтастары Ресей билігі Мовлаевты саяси себептермен қудалап жатыр деп санайды.

Ақпаратқа қарағанда, 2020 жылы ол Ресей Қылмыстық кодексінің 228-бабы ("Есірткі құралдарын заңсыз сатып алу, сақтау, тасымалдау, дайындау немесе өңдеу") бойынша сотталған. Мовлаевтың жақтастары бұл іс Грозныйдағы билікті сынағаны үшін қудаланды дейді. 2026 жылы Қазақстан Жоғарғы соты Мовлаевтың босқын мәртебесін сұраған өтініші толық қаралып біткенше оны экстрадициялауды тоқтатқан еді.