Қордай ауданында екі оқушының қазасынан соң полиция суицид дерегі бойынша іс қозғаған

16 сәуірде Жамбыл облысы Қордай ауданы Қаракемер ауылында туған-туыстары екі жасөспірімді жерледі.

Ақпарат құралдарының хабарлауынша, мектептің тоғызыншы сыныбында оқитын екі жасөспірім 15 сәуір күні таңертең қорадан өлі табылған. Өзара дос екеуі қайғылы оқиғадан бұрын әлеуметтік желіге фото жариялап, "Естелікке" деп жазба қалдырған, деген таныстары.

Жамбыл облыстық полиция департаментінің баспасөз қызметі бұл оқиғаға байланысты суицид дерегі бойынша іс қозғалып, тергеу амалдары басталғанын, тергеу құпиясын сақтау мақсатында өзге ақпарат берілмейтінін айтты деп жазды ҚазАқпарат.

Наурыз айының басында Қордай ауданы Қайнар ауылындағы жеке меншік үйден 12 жастағы қыз өлі табылған. Кейінірек сол аудандағы Масаншы ауылында кәмелетке толмаған ұл мезгілсіз қазаға ұшырады. Полиция өз-өзіне қол жұмсауға дейін жеткізу бабы бойынша іс қозғалғанын хабарлаған.

Өткен айда жергілікті билік орындары Жамбыл облысында суицид жасаған және ондай әрекетке талпынған жасөспірімдер саны 30 пайыз азайды деп есеп берген. Бұрын 63 жеткіншек өзіне қол салып опат болса, кейін ол көрсеткіш 55-ке түскен деп жазды ақпарат құралдары.

Қазақстанның бала құқықтары жөніндегі уәкілі Динара Закиева бұған дейін Жамбыл облысында балаларға қарсы қылмысқа кінәлілер жазасыз қалатыны, жауапты орындар мен тұлғалар мектеп оқушылары арасындағы әлімжеттік оқиғаларына немқұрайдық танытып, елемейтіні көкейкесті мәселе күйінде қалып отырғанын айтқан.

"Сауалнама кезінде балалар жәбірлеу, ақша бопсалау және өзге де құқыққа қарсы әрекеттер туралы ашық жазғанына қарамастан, кейбір мектептердің басшылығы қорытынды есептерде деректерді бұрмалап, бұндай жағдайларды 0% деп көрсетіп келген", деп жазған Закиева.

"Қордай ауданындағы 5, 7 және 9-сынып оқушылары мектептегі "жүйе" мен дедовщина, жоғары сынып оқушыларының кіші сыныптарға қысым көрсетуі, оларды азық-түлік пен сусын сатып әкелуге мәжбүрлеу, ұрып-соғу, тас лақтыру, қыздардың бір-бірінің шашын жұлып, қорлауы туралы жазған", деген бала құқығы жөніндегі омбудсмен.

ОҚИ ОТЫРЫҢЫЗ

Жамбыл облысында жасөспірімді суицидке жеткізді деген айыппен үш адам сотталды