ҚТЖ еншілес компания басшысына қарсы тергеу жүріп жатқанын растады

Вагондардың жанында тұрған жұмысшы. Көрнекі сурет.

“Қазақстан темір жолы” ұлттық компаниясы өзіне еншілес “Қазтеміртранс” компаниясының Алматы қаласы бөлімшесінің директоры Ақылбек Базеновке қарсы қылмыстық іс қозғалғанын растады.

"Қазтеміртранс" АҚ қазіргі кезде құзырлы құқық қорғау органдары тергеу амалдарын жүргізіп жатқанын растайды" деп жазылған ҚТЖ -ның жұма күнгі хабарламасында.

Компания өкілдері тергеу аясында уәкілетті органдарға барлық тиісті ақпарат пен құжаттарды беріп, жан-жақты түрде көмектесіп жатқанын айтты.

Дегенмен компания өкілдері компанияның бөлімшесін қорғау бойынша өткізілген мемлекеттік сатып алу кезінде келісімшартты жеңіп алуға көмектескені үшін заңсыз сыйақы алғаны жайлы мәліметке күмән келтіреді.

Бұған дейін жергілікті БАҚ Базеновтің 540 млн теңге көлемінде пара алды деген күдікке ілінгенін жазған еді.

"Себебі қазіргі уақытта «Қазтеміртранс» АҚ мен күзет ұйымдары арасында жоғарыда аталған қызметті көрсету бойынша келісімшарт жасасу рәсімі аяқталды (анықтама үшін: компанияның күзет қызметіне арналған жалпы бюджеті шамамен 200 миллион теңге, ал Алматы филиалы биыл өндірістік нысандарды қорғауға 9 миллион теңгеден астам қаражат бөлді, бұл осы салада хабарланған пара сомасынан айтарлықтай аз). Басқа мән-жай тергеу арқылы анықталады" деп жазылған компания хабарламасында.

"Қазтеміртранс" АҚ – Қазақстандағы жүк вагондарының ірі операторы, “Қазақстан темір жолы” ұлттық компаниясына еншілес компания. Компания 37 мыңнан астам вагонды басқарады.