Құлсарыдағы мектепке ересек оқушы балта ұстап келіп, екі жасөспірім зардап шеккен

5 ақпанда Атырау облысы Құлсары қаласында 10-сынып оқушысы өзі құрылыптас балалармен жанжалдасып қалғаннан кейін мектепке балта алып келіп, өзге оқушыларға тап берген.

Облыстық полиция департаментінің мәліметінше, балта ұстаған жасөспірім мектеп дәлізінде сыныптастарын қуалай бастаған. Оқиға салдарынан екі оқушы жеңіл жарақат алған.

Әлеуметтік желіде тараған видеоларда балта ұстаған ересек ұлдың мектеп дәлізінде басқа оқушылардың соңынан түскені көрінеді.

Оқиға куәгерлері полиция шақырып, балта ұстаған оқушыны ұстаған. Оқиғаға қатысқан барлық оқушы мен олардың ата-аналары полиция бөліміне жеткізілген.

15 жастағы күдіктінің әрекетіне байланысты "бұзақылық" бабымен қылмыстық іс қозғалған. Жасөспірім уақытша ұстау изоляторына қамалып, ішкі істер органдары оны есепке алған. Іс материалдары процестік шешім қабылдау үшін кәмелетке толмағандар ісі жөніндегі комиссияға жолданды.

Бала тәрбиесіне дұрыс көңіл бөлмегені үшін жасөспірімнің ата-анасына әкімшілік іс қозғалған. Оған қоса құқық қорғау органдары білім бөліміне бұл оқиғаға ықпал еткен себептер мен жағдайларды жою жөнінде ұсыныс енгізді.

Зардап шеккен оқушылардың өміріне қауіп жоқ деп хабарлады жергілікті билік орындары.