Құқық қорғаушы Ринат Исағалиев қайтыс болды

Құқық қорғаушы Ринат Исағалиев

Құқық қорғаушы Ринат Исағалиев (Ринат Рафкат ) қайтыс болды. Құқық қорғаушының қазасын "Халықаралық құқықтық бастама" ұйымы растады.

"Қаралы хабар өте ауыр тиді… Қапыда Ринат Исағалиевтан айырылып қалдық… Иманды болсын! Анасына, туған-туыстарына қайғырып көңіл айтамын. Сегіз жыл бірге істеп, бар білгенімізді соған үйреттік, ол өте мықты қазақ тілді құқық қорғаушыға айналды, заңгер болмаса да. Қытай қазақтарына көмектескенде әрдайым бірге болды. Қоғамдық маңызы бар істер бойынша барлық сотты бақылады. Біздің ұйым Қаңтар бойынша 50 қылмыстық істі жүргізгенде, соларға қатысты барлық соттарды бақылап, адам құқықтары бұзылғаны туралы құнды фактілерді жинады. Халық үшін, адам құқықтары үшін еңбегі зор еді" деп жазды ұйымның жетекшісі Айна Шорманбаева Facebook желісінде.

Ринат Исағалиев — аталған ұйымның атынан Қазақстандағы ірі істерді бақылап, содан ақпарат таратып келген құқық қорғаушы. Ол өзі де елдегі қоғамдық-саяси оқиғаларға пікірін айтып отырды.

Бұрын белсенділігімен де танылған. Кешеден бері әлеуметтік желіде қолданушылар марқұмның қазасына орай туыстарына көңіл айтып жатыр. Кейбірі құқық қорғаушы жөнінде жылы естеліктерімен де бөлісті.

"Мен Ринатты 2016 жылғы атақты жер дауы кезінен тани бастадым. (Сырттай, фейсбук арқылы). Саяси жағдай ушығып, халық дүрлігіп тұрған кез. Қазақстан бойынша ең алдымен Жер сатуға қарсылық білдіріп, үлкен митинг өткізген Атырау қаласы болды. Оны сәтті ұйымдастырғандар Max Bokay Талғат Аяндармен бірге Ринат Рафхат та болатын. Ринат Рафхат өзінің азаматтық позициясы, еркін ойы, саяси сауатының нәтижесінде қоғамдағы әр мәселенің басы қасында жүрді. Заңды да жақсы білетін. Қудалауға түскен саяси белсенділерге де араша түсті. Соттарына қатысты. Заңдық тұрғыдан көмек көрсетті. Иә, саяси белсенділер көп. Уақыт өте көбісі күрескерлігін тоқтатады. Ал, Ринат тоқтамады. Өмірінің соңына дейін күресіп келді. Алайда, намысы биік нағыз ер үшін ел үшін, жер үшін, тәуелсіздікті сақтап қалу үшін, ұлт үшін күрес өмірінің соңына дейін жалғасады екен… Әділдік жолында өмірін сарп еткізеді екен! Алдың пейіш болсын бауырым!" деп жазды Қалқаман Әбдірахманұлы есімді қолданушы.

Жерлеу рәсімі ертең, 25 желтоқсанда Атырау облысы Құрманғазы ауданы Хиуаз ауылында өтеді.