БАҚ-тың желідегі аккаунттарының бұғатталуы: құқық қорғаушылар алаңдаушылық білдірді

Адам құқықтары мен заңдылықты сақтау жөніндегі Қазақстан халықаралық бюросы Қазақстанда тәуелсіз БАҚ пен үкіметтік емес ұйымдар, блогерлер және қоғам белсенділерінің әлеуметтік желідегі аккаунттарының бұғатталып, жазбаларының жойылуына қатысты алаңдаушылық білдірді. Ұйымның мәлімдемесі ресми сайтында жарияланды.

"Адам құқықтары мен заңдылықты сақтау жөніндегі Қазақстан халықаралық бюросы үкімет туралы сыни жазбаларға байланысты материалдарды жою мен аккаунттарды бұғаттауға жол беруге болмайды деп санайды және Facebook пен Instagram-ның иесі Meta корпорациясын, YouTube-қа иелік ететін Google-ды, Telegram мессенжерінің иесі Telegram FZ-ті билікті сынағаны үшін материалдарды жойып, аккаунттардың бұғатталуына жол бермеуге шақырады. Себебі сөз бостандығы қатты шектелген жағдайда бұл платформалар халық объективті және тәуелсіз ақпарат алатын негізгі дереккөзге айналады. Бұған қоса, өкілетті асыра пайдалануға жол бермес үшін әлеуметтік желі басшылары өздерінің бұғаттау саясатын қайта қарап, контенттің өзі мен белгілі бір елдердегі сөз бостандығы мен ақпараттың таралуы жағдайын назарға алады деп үміттенеміз" деп жазылған ұйымның мәлімдемесінде.

Онда құқық қорғаушылар сәуірдегі бұғаттаулар легін алға тартады. Арасында "ҚазТАГ", "Республика", "Құқықтық медиа-орталықтың" Facebook пен Instagram парақшаларының бұғатталуы да атап өтіледі.

"Ресми түрде шағымдар шетелден келсе де шабуылға тапсырыс берушілер Қазақстанның өз ішінде болуы мүмкін. Материалдарды жою және аккаунттарды бұғаттау белгілі бір интернет-сайттарды немесе жеке материалдарды бұғаттаудың, онлайн медиа серверлерге жүйелі түрде DDoS шабуыл және Қылмыстық кодекстегі «көрінеу жалған ақпарат тарату» бабын кеңінен қолдану бойынша логикалық тізбекке сәйкес келеді. Осы және өзге себептерден Қазақстан сөз бостандығы бойынша халықаралық рейтингтерде үнемі төмен орын алады және интернет еркіндігі шектелген елдер қатарына кіреді" деді бюро өкілдері.

Кейінгі кезде Қазақстанда тәуелсіз басылымдар мен журналистер, блогерлердің желідегі аккаунттары жиі бұғатталып, материалдары өшіріліп жүр. Бірнеше күн бұрын ғана Meta корпорациясына қарасты Facebook және Instagram "үшінші тарап шағымына" сілтеп, Азаттық радиосы парақшаларындағы 16 контентті бұғаттаған.

Instagram желісінде шағымды кім түсіргені көрсетілген. Олар "Giorgio Armani" никнеймі бар аккаунт, MarkScan Digital IP Private Limited және Aiplex Software Private Limited компаниялары. Factcheck.kz редакциясы кейінгі екеуінің Үндістанда тіркелген компания екенін анықтаған.

Аталған үш шағымданушы бұған дейін де қазақстандық баспасөз құралдары мен журналистердің парақшаларына арыз түсірген.

Азаттық наурыз айында мәдениет және ақпарат министрлігіне сауал жолдап, әлеуметтік желідегі жазбалардың өшірілуі жөнінде "Meta компаниясымен әріптестігі аясында қандай да бір шара қолданып жатсыздар ма?" деп сұрақ қойған. Министрлік жауап бермеген.

Meta компаниясы қазақстандықтардың парақшаларындағы контенттің өшірілуі туралы айтқандарына түсініктеме бермеді. Қазақстанда 2025 жылы қарашада осыған ұқсас жағдайлар болғанда Азаттық Мeta-ға хат жазған, ресми жауап болған жоқ.