Құқық қорғаушылар Көкжиде бойынша зерттеу қорытындысын бермегені үшін министрлікті сотқа берді

Құқық қорғаушылар Сергей Соляник, Мұсағали Дауылов және Анар Ибраева "Көкжиде құм массивіндегі гидроэкологиялық және гидрогеологиялық зерттеулер" туралы есептің көшірмесін беруден бас тартқаны үшін экология және табиғи ресурстар министрлігін сотқа берді. Олардың пікірінше, бұл олардың экологиялық ақпаратқа қол жеткізу құқығын бұзады. Бұл жөнінде "Власть" жазды.

Ақпаратқа қарағанда, Қазақстандағы ең ірі әрі жоғары сапалы табиғи су көзінің бірі Көкжиденің тағдырына қатысты шешім қабылдау мақсатында осындай зерттеу жүргізілген. Ғалымдар Көкжидеде кемінде 1,5 миллиард текше метр таза су барын айтады. Одан да көп болуы мүмкін. Алайда кеніште мұнай мен газ қоры да бар. Онда шамамен 600 мың тонна мұнай мен 700 млн текшеметр газ бар деп айтылады. 2022 жылы осы табиғи су қоры шикізат өндірісінің кесірінен ластанғаны анықталған еді. 2022 жылы өткен үкімет брифингілерінің бірінде сол кездегі экология министрі Серікқали Брекешев "жалпы су құрамында мұнай өнімдері бары рас" деген.

Содан бері үкімет Көкжиде бойынша бірнеше рет позициясын өзгерткен: біресе тұтас мұнай ұңғымаларын жою туралы шешім қабылдаса, біресе "Көкжидедегі мұнай өндірісі көлемін азайтуға жол бермеу қажеттігін" мәлімдеген.

2024 жылдың тамызында су ресурстары министрлігі Көкжиде су қорының ауқымын анықтау үшін гидрогеологиялық зерттеу жүргізетінін мәлімдеген. Бұған дейін зерттеуді Сәтбаев университетінің ғалымдары жүргізіп жатқаны, ол 2025 жылдың желтоқсанында аяқталуы тиіс екені айтылған еді.

Бірақ құқық қорғаушылардың айтуынша, 2026 жылдың басында үкімет ұңғымалардың жұмысын жалғастыру туралы шешім қабылдаған.

"Қоғам өкілдері экология министрлігінен зерттеу қорытындысы туралы есепті ала алмады. Экологиялық ақпаратты "тек қызметтік пайдалану үшін" және онда "құпия ақпарат болуы мүмкін" деген желеумен бермеді" дейді Сергей Соляник. Оның пікірінше, бұл экологиялық ақпаратқа қол жеткізу құқығы, ұлттық заңнама мен Қазақстан қол қойған халықаралық келісімдерге қайшы.

Зерттеуге KazEnergy тапсырыс берген, ал оны Қазақ ұлттық зерттеу техникалық университеті (Satbayev University) орындаған.

Экология министрлігі әзірге шағымға қатысты реакция білдірген жоқ.

ОҚИ ОТЫРЫҢЫЗ

Мұнайдың жолында су құрбан. Көкжидедегі өзендер тартыла ма?