Құқық қорғаушылар Қаңтар оқиғасының хронологиясын жасады

Алматы, 7 қаңтар 2022 жыл.

Құқық қорғаушылар Қаңтар көтерілісі туралы кітаптың екінші бөлімін таныстырмақ. Бұл жөнінде Азаттыққа “Ар.Рух.Хақ” қоғамдық қорының жетекшісі, құқық қорғаушы Бақытжан Төреғожина хабарлады.

“Бірінші кітапта Қаңтар оқиғасы кезінде қандай құқық бұзушылықтар болғанын жаздық. Статистика келтірдік. Факті, дәлелдер мен айғақтар көрсеттік. Екінші кітап бұл – хронология. Оқиғаның хронологиясы. Яғни, әрбір қалада наразылық қаншада басталды, қалай өрбіді, қай көшелерде жүрді, 4-5 қаңтарда не болды? Осының бәрін біз сот үкімдерінен алдық. Барлық сотталушыға шыққан үкімдер күшіне енген кезде олар оқиғалардың қалай болғанын іс жүзінде заңдастырды. Егжей-тегжейлі жазды. Шартты түрде айтсақ, кешкі сағат 7-де “Алматы арена” маңына жұрт жиналды, одан кейін Абай көшесімен жүрді. Алаңға жетті, атыс басталды деген сияқты” дейді Бақытжан Төреғожина.

Оның сөзінше, бұл Қаңтар туралы мемлекеттің ресми көзқарасы.

“Бұл төңкерістің қалай өрбігені жайлы мемлекеттің көзқарасын көрсетеді. Біз оқиғалардың хронологиясын қадағаладық және іс жүзінде үкімдерде сипатталған оқиғаларға қатысты ешқандай айырмашылық жоқ. Тіпті оқиғалардың қаншалықты дәл сипатталғанына таң қалдық... Бәлкім, кінәлілерге қатысты [айырмашылық] болуы мүмкін, қаза болғандардың барлығын кінәлі деп таныған кезде. Бірақ біздің мақсатымыз оқ атқандарды немесе өлімге кім кінәлі екенін анықтау емес еді” деді құқық қорғаушы.

Оның сөзінше, жаңа кітап тамыз немесе күзде таныстырылуы мүмкін.

Құқық қорғаушылар кітаптың алғашқы бөлімін 2023 жылы маусымда таныстырған еді. Құқық қорғаушылар сол кезде мыңнан астам видеожазбаны қарап, 10 мыңнан астам құжатты зерттегенін, адвокат, куәгер, оқиғаның қатысушыларымен сөйлескенін айтқан.

Ресми дерек бойынша, 2022 жылдың алғашқы күндері болған Қаңтар көтерілісі кезінде 238 адам қаза тапқан. Олардың басым бөлігі атқан оқтан мерт болған. Алты адам полиция бөлімшелері мен тергеу изоляторында азаптау салдарынан көз жұмды. Құқық қорғаушылар мен сарапшылар Қаңтардың шындығы әлі ашылмады деп санайды.