Құрылтай депутаты елде энергетикалық сусындарға тыйым салуды қарастыруды ұсынды

Сәрсенбі күні Құрылтай отырысында елде энергетикалық сусындарды өндіруге, әкелуге және сатуға толық тыйым салу мүмкіндігін қарастыру туралы ұсыныс айтылды. Бұл туралы ҚазТАГ агенттігі хабарлады.

"Энергетикалық сусындар айналымын мемлекеттік заңнамалық реттеудің халықаралық тәжірибесін зерделеп, соның негізінде Қазақстанда бұл мәселені реттеудің жаңа заңнамалық шараларын, тіпті ел аумағында энергетиктерді өндіруге, әкелуге және сатуға толық тыйым салуға дейінгі шараларды ұсыну қажет", – деді үкімет жетекшісіне жолдаған депутаттық сауалында ЖСДП фракциясының мүшесі Мақсұт Нәсібулов.

Ол тұтынушының жас ерекшелігіне байланысты шектеу енгізілгеніне қарамастан елде сатылатын энергетикалық сусындар көлемі артып отырғанын айтты.

"Энергетикалық сусындарды өндірушілер мен импорттаушылар қауымдастығының деректері бойынша, 2023 жылы елде 215 миллион литр энергетик сатылса, 2025 жылы бұл көрсеткіш 355 миллион литрге жетті. Екі жыл ішіндегі өсім 65 пайыз болған. Ал Statista халықаралық компаниясы сарапшылары 2025 жылы Қазақстандағы энергетиктер нарығының қаржылай көлемі 93 миллион долларға жеткенін айтады", – деді депутат.

Бұған қоса депутат энергетикалық сусындардың халық денсаулығына әсерін анықтау мақсатында жан-жақты ғылыми зерттеу жүргізуді, ондай сусындарды 21 жасқа толмағандарға, соның ішінде интернет арқылы сатуға салынған тыйым қаншалықты сақталатынын тексеруді ұсынды.

Қазақстанда 2025 жылдан бастап 21 жасқа толмағандарға энергетикалық сусын сатуға тыйым салынған. Ал биылғы жыл басынан энергетикалық сусындар акцизделетін тауарлар тізіміне енгізіліп, акциз мөлшері сусынның 1 литріне 100 теңге болып белгіленген, келесі жылы оны 140 теңгеге дейін көтеру жоспарланған. Жақында "Әкелер одағы" қоғамды ұйымы белсенділері энергетикалық сусындар адам денсаулығына зиян екенін алға тартып, елде оны өндіруге, импорттауға және сатуға толық тыйым салу туралы бастама көтерген.

ОҚИ ОТЫРЫҢЫЗ

Тоқаев құмар ойындарды, бәс тігу мен лотереяны, энергетикалық сусын саудасын реттейтін заңға қол қойды"Артық салмақ, семіздік". Қазақстанда балалар не ішіп-жеп жүр және бұған мемлекеттің қандай қатысы бар?Алматыда үш студенттің бірі шегеді, екіншісі ішедіОқушылар фаст-фуд пен газды суға құмарЭнергетикалық сусындарға тыйым салу керек пе?