Құрылтай сайлауы алдында қазақстандық партиялар бір-бірін сынады

Respublica және “Ақ жол” партиялары бір күндік айырмамен өткен сайлауалды съездері кезінде бір-бірін сынады.

4 шілдеде Respublica съезі кезінде партия төрағасының орынбасары Олжас Күспеков қарсыластарының атын атап, түсін түстемей “біздің ортада өздерін кәсіпкерлердің үні деп атауға үйреніп қалғандар бар”, “бірақ олардың көтеріп жүрген мәселелері баяғыда маңыздылығын жоғалтқан” деді. Осылайша өздерін "кәсіпкерлердің мүддесін қорғайтын" партия ретінде көрсетуге тырысатын "Ақ жолды" меңзеді.

“Ондаған жыл бойы екі орындықта отырып, өзіңді абыройлы арғымақ қылып көрсете алмайсың, іс жүзінде кішкентай сәндік пони ғанасың” деді Олжас Күспеков.

Ал бүгін “Ақ жол” съезінде экс-депутат Қазыбек Исаның сөзі оған “жауап” сияқты естілді.

“Ақ жолдың” істегенің жүзден бірін де істей алмай, бұлардың әйгілі мысалдары пілге үрген қанден секілді күлкілі. [Олардың] аянышты тірліктеріне қарап тағы бір мысал еске түседі: Қос қанатын жайған алып қыран құйылып келіп түлкіні алған кезде жартастың жанында тығылып отырған қарға жалп етіп қасына қона кетіп “әй әйтеуір осы түлкіні сіз боп, біз боп алдық ау” деген екен. Сондай тірлік мыналардыкы да” деді Қазыбек Иса.

Қазақстанда құрылтай сайлауы 23 тамызда өтеді. Орталық сайлау комиссиясы сайлауға ресми тіркелген жеті партия қатысатынын мәлімдеген. Сарапшылар олардың "бір-бірінен айырмашылығы аз" екенін айтады.

Құрылтай сайлауы елде авторитаризм нығайып, билікке шынайы бәсекелес күштер парияларын тіркете алмай отырған шақта, белсенділерді қудалау күшейіп, саяси тұтқындардың саны көбейген тұста өтейін деп отыр.