Қырғыз президенті Садыр Жапаров қызметінде отырып сайлауға қатыса алады деді ОСК басшысы

Тыныштықбек Шайназаров

Қырғызстанның Орталық сайлау комиссиясының төрағасы Тыныштықбек Шайназаров ел президенті Садыр Жапаров осы қызметінде отырып, келесі президент сайлауына қатыса алады деп мәлімдеді. Бұл туралы Азаттықтың Қырғыз қызметі хабарлады.

Шайназаровтың сөзінше, қолданыстағы заңнама президент пен Жогорку кеңеш мүшелерін сайлау науқаны кезінде өз өкілетін тоқтата тұруға міндеттемейді. Бұған қоса ол сайлау ашық бәсеке бар ортада өтеді, әкімшілік ресурстарды пайдалануға рұқсат етілмейді және билік Орталық сайлау комиссиясына қысым жасамайды деп мәлімдеді.

Бұған дейін Жогорку кеңеш спикері Марлен Маматалиев те осындай мәлімдеме жасаған еді. Ол Жапаров кандидат ретінде тіркелгеннен кейін, қазіргі сайлау заңнамасы бұған мүмкіндік беретіндіктен, өз өкілетін уақытша басқа біреуге бермейтінін айтқан.

2020 жылдың күзіндегі саяси дағдарыстан кейін түрмеден шыға сала премьер-министр қызметін атқарған Садыр Жапаров президент міндетін атқарушы болған. Сол кездегі қолданыста болған конституция бойынша, мемлекет басшысының міндетін атқарушыға мерзімінен бұрын өтетін президент сайлауына қатысуға тыйым салынған еді. 2021 жылғы қаңтарда өткен сайлауға дейін Жапаров президент міндетін атқарушы қызметінен кетіп, премьер-министр өкілетін тоқтатқан. Сол кездегі парламент спикері Талант Мамытов мемлекет басшысының міндетін атқарушы болды.

2021 жылы Қырғызстан жаңа конституция қабылдағаннан кейін сайлау заңнамасы оған сәйкестендірілді. ОСК-нің түсіндіруінше, қазіргі құқық жүйесі бойынша, сайлауға қатысатын президент өкілетін тоқтата тұруы шарт емес.

Шілде айының аяғында Жапаров қол қойған заңға енгізілген түзетулерде кезекті президент сайлауы қызметте отырған президенттің өкілеті аяқталған жылы қаңтардың төртінші сәрсенбісінде өтеді деп жазылған. Яғни келесі сайлау 2027 жылғы 27 қаңтарда өтуге тиіс. Сайлау қай күні өтетінін Жогорку кеңеш анықтайды. Жапаров бұған дейін сайлауға қатысу ниеті барын мәлімдеген.

ОҚИ ОТЫРЫҢЫЗ

Жапаров: Ташиевті президенттікке қоймақ болдым"75-тің хаты" ісі: Бішкек қалалық соты Ташиев пен өзге жеті адамның жазасын жеңілдеттіОрталық Азиядағы үздіксіз конституциялық реформалардың мақсаты не? "Ұзарту, жаңарту, қайта жазу". Президенттер Конституцияны неге өзгертеді?Алты жыл ма, әлде бес жыл ма? Қырғызстанда Жапаровтың президенттік мерзімі жөнінде дау туды