Қырғыз президентінің баспасөз хатшысы Бішкек жұртына ШЫҰ саммиті кезінде қалада болмауға кеңес берді

Бішкектегі "Ынтымақ Ордо" ғимараты

Қырғызстан президентінің баспасөз хатшысы Асқат Алагөзов Бішкек тұрғындарын 2026 жылғы 30 тамыздан 1 қыркүйекке дейін өтетін Шанхай ынтымақтастық ұйымының саммиті кезінде қаладан Ыстықкөлге немесе басқа демалыс орындарына бара тұруын өтінген. Саммитпен қатар, 31 тамызда Бішкекте Дүниежүзілік көшпенділер ойындарының ашылу салтанаты өтпек.

Алагөзовтің айтуынша, сол күндері 21 мемлекет басшысы Қырғызстанға бір уақытта келмек, кейбіреулері бірінші ханымдарымен бірге келгелі отыр.

"Осыған байланысты біз Бішкек тұрғындарын мүмкіндігінше осы күндерді Ыстықкөлде немесе басқа демалыс орындарында өткізуін өтінеміз. Әйтпесе, қалада үш күн бойы жолдар жиі жабылатындықтан, ең алдымен өздеріңіз қолайсыз жағдайға тап боласыздар", — деп жазған Алагөзов.

Қырғыз президентінің баспасөз хатшысы бірқатар халықаралық іс-шараға байланысты мектеп оқушылары мен жоғары оқу орындарының студенттері сабағын 15 қыркүйекте бастайтынын еске салды. Сол себепті "1 қыркүйекке дейін Бішкекке баруға асығудың қажеті жоқ", сондықтан қырғызстандықтар 15 қыркүйекке дейін демалуды жоспарлай алады, деді Алагөзов.

Бішкекте ресми делегациялар барғанда және ірі халықаралық саммиттер кезінде кейбір жолдар үнемі дерлік жабық болады. Көбіне Манас әуежайы мен Шыңғыс Айтматов даңғылынан басталатын, президент әкімшілігі отыратын "Ынтымақ Ордо" ғимаратына және "Ала-Арча" мемлекеттік резиденциясына апаратын жол жабылады. Ондай кездері мектеп оқушылары мен студенттер сабақты қашықтан оқуға көшеді. Мұндайда қалада көлік кептелісі пайда болып, тұрғындардың наразылығын туғызады.