Қырғызстан алғашқы спутнигін жер орбитасына шығарды

Қырғызстанның алғашқы спутнигін алып ұшқан SpaceX компаниясының Falcon 9 зымыраны. АҚШ, Калифорния, 1 қазан, 2026 жыл

2026 жылғы 1 қазанда АҚШ-тың Калифорниясындағы Ванденберг ғарыш күштері базасынан Қырғызстанның алғашқы ұлттық спутнигі ұшырылды. Оны америкалық кәсіпкер Илон Масктің SpaceX компаниясының Falcon 9 зымыраны Жер орбитасына шығарды.

Қырғызстанның бірінші спутнигі

Бұл оқиға Қырғызстан тарихындағы үлкен технологиялық бетбұрыс болып, Орталық Азиядағы бұл ел ғарышты игеруде алғашқы қадам жасады.

Қырғыздың алғашқы "наноспутнигі" тиелген SpaceX зымыраны әуеге көтерілген сәтті жақын маңнан бақылағандар арасында АҚШ-та іссапарда жүрген Қырғызстан президенті Садыр Жапаров та болды деп хабарлады Азаттықтың Қырғыз қызметі.

Қырғыз президенті Садыр Жапаров (ортада) Қырғызстанның алғашқы спутнигі ұшырылғанын бақылап тұр. АҚШ, Калифорния штаты, 1 қазан, 2026 жыл.

Жерді суретке түсіруге арналған арнайы камералар мен сенсорлар орнатылған, көлемі нан бөлкесіндей, ал салмағы шамамен 5 келі болатын ғарыш аппаратын қырғызстандық оншақты инженер екі жарым жыл бойы дайындап, сынақтан өткізген.

"Жер серігінің ұшырылуы Қырғызстанға ғарыш деректерін түрлі салада пайдаланудың жаңа мүмкіндіктеріне жол ашады. Алынған деректер ауыл шаруашылығы алқаптарын, мұздықтарды, су айдындарын, ормандар мен жайылымдарды бақылауға, сондай-ақ табиғи экожүйелердегі өзгерістерді қадағалауға мүмкіндік береді. Ғарыш деректері жер қойнауын заңсыз пайдалану, рұқсат етілмеген қоқыс үйінділері және ластанудың басқа да көздерін анықтау, сонымен қатар логистика бағыттарын оңтайландыру үшін пайдаланылады", – деп хабарлады Қырғызстан президентінің баспасөз қызметі.

Жоба Қырғызстан мен Біріккен Араб Әмірліктерінің (БАӘ) бірлескен серіктестігі аясында іске асты. Жобаға жетекшілік еткен "Қырғыз Электроника" технологиялық компаниясының басшысы Илья Черныйдың сөзінше, спутниктің болжамды жұмыс мерзімі – 15 жыл.

Қырғызстанның ресми тұлғалары ғарыш аппаратын жергілікті өнім деп атағанымен, оның ішіндегі "технологиялардың басым бөлігі" Ресейде жасалған. Өйткені, "бәрін басынан бастап жасау үшін 5-10 уақыт кетер еді" деп түсіндірді Черный.

SpaceX компаниясынын Falcon 9 зымыраны қырғыз спутнигін Жер орбитасына шығарды

Аймақтағы басылымдар қырғыз наноспутнигінің бағасы шамамен 130 мың доллар деп жазды. Бұған оны АҚШ-қа жеткізу, зымыранға кіріктіру және ғарышқа ұшыру шығындары кіре ме, жоқ па, әзірше ол туралы ресми ақпарат болған жоқ.

SpaceX компаниясының шағын спутниктерді топтастырып ұшыру бағдарламасы аясында салмағы 50 келіге дейінгі жүкті орбитаға жеткізудің базалық құны 350 мың доллардан басталады. Әйткенмен бұл – стандартты коммерциялық баға; ал Қырғызстан салмағы бес келі болатын спутнигін ұшыру үшін SpaceX компаниясына нақты қанша ақша төлегені көпшілікке жарияланған жоқ деп жазды Азаттықтың Қырғыз қызметі.

Қырғызстанның алғашқы спутнигінің жұмысын бақылау мен басқару Бішкектегі орталықтан жүргізілетін болады.

Бұған дейін Қырғызстанның ауыл шаруашылығы министрлігі жариялаған ақпаратта спутник экология және ауыл шаруашылығы салаларында мониторинг жүргізуге арналғаны айтылған еді.

Қырғызстандық маман отандық спутник қалай жұмыс істейтінін түсіндіріп тұр

Орталық Азия елдерінің спутниктері

Қазір Жер орбитасында Орталық Азияның бірнеше елінің спутниктері бар.

Биыл тамызда Өзбекстан Қытайда жасалған спутнигін ғарышқа ұшырған. Оған "Uzcosmos агенттігі мамандары дайындаған жасанды интеллект модулі" орнатылғаны айтылған еді.

Сонымен қатар, жақында Ташкент 2028 жылға қарай өз елінде өндірілген спутникті ұшыру жоспары барын жариялады.

Өзбекстан спутнигінің моделін таныстырып тұрған адам

Қазақстан өзінің алғашқы байланыс спутнигі – KazSat-1-ді бұдан 20 жыл бұрын ғарышқа ұшырған. Содан бері бұл ел орбитаға өзі жасаған бірнеше байланыс және Жерді қашықтан зондтау спутниктерін шығарды.

Биыл қыркүйекте Астана "Жерді бақылауға арналған тоғыз спутниктен тұратын халықаралық топ" құруды жоспарлап отырғанын жариялады. Ол топқа Моңғолия, Конго мен Нигерия спутниктері енбек.

2015 жылы Falcon 9 зымыраны Түрікменстанның алғашқы ұлттық байланыс спутнигі – TurkmenAlem 52.0E аппаратын орбитаға шығарған. Салмағы 4,7 тоннадан асатын бұл аппаратты француздың Thales Alenia Space компаниясы жасаған.

Англиядағы Эксетер университетінің Орталық Азия жөніндегі сарапшысы Нелли Бекус Азат Еуропа/Азаттық радиосына берген сұхбатында өз ғарыштық инфрақұрылымын құруға қабілеті жететін елдер үшін мұндай күш-жігер мен шығындар жұмсау ұлттық қауіпсіздік тұрғысынан өзін ақтайтынын айтты.

"Кейінгі жылдары жаһандық деңгейде геосаяси шиеленістер артып отырған шақта ұлттық мамандардың спутник деректеріне тәуелсіз қол жеткізуі мемлекет қауіпсіздігі үшін ерекше маңызға ие болды" деді ол.

Бекус "ғарыш әлеуетінің болуы ұлттың прогрессивті даму идеясымен байланысты екені бесенеден белгілі, бұл елдің технологиялық күш-қуаты мен әлемдік сахнадағы беделіне айқын дәлел болады" деп атап айтты.

Қырғызстанда жасалған, биыл қазан айында ұшыру жоспарланған спутник. 24 қыркүйек, 2026 жыл

Батыстың кейбір сарапшылары авторитар үкіметтер халық толқулары кезінде байланыс жүйесін "шұғыл өшіру" мүмкіндігін сақтап қалуға тырысатынын айтады.

Мысалы, 2022 жылғы Қанды Қаңтар оқиғасы кезінде Астана Қазақстан аумағында интернетті бірнеше күнге өшірген. Өзбекстан өз спутнигін ұшыру (2028 жылға жоспарланған) елді "ақпараттың егемен әрі объективті көзімен" қамтамасыз етеді деп мәлімдеді.

Қазақстан ауылдық жерлерді байланыспен қамтамасыз ету үшін Starlink жүйесін енгізу мәселесін қарастырған кезде, Илон Масктың SpaceX компаниясымен келіссөздер тұйыққа тірелді. Бұған Қазақстан тарапының жердегі станцияларды (спутниктермен сигнал алмасатын қабылдау-тарату құрылғыларын) тікелей ел аумағында орналастыру туралы талабы себеп болды; ондай шешім Астанаға жүйені бақылауда ұстауға мүмкіндік берер еді.