Қырғызстан еңбек мигранттарының құқығын қорғаудан бас тартқан Ресейді ЕАЭО сотына берді. Бұл жөнінде Kloop.kg хабарлады.
Басылымның жазуынша, 27 қаңтарда парламентте еңбек және әлеуметтік мәселелер жөніндегі комитеттің отырысында міндетті сақтандыру қорының төрағасы Азамат Мұқанов Ресей ЕАЭО келісіміндегі талаптарды орындамай отыр деп мәлімдеген.
"Міндетті медициналық сақтандыру полисі Ресейде жұмыс істейтін отбасы мүшелеріне берілуі керек. Бұл келісімге бес ел қол қойған. Ресей жағы қазіргі кезде аталған келісімнің 96-97 баптарын бұзып жатыр, еңбек мигранттарының отбасы мүшелеріне міндетті медициналық сақтандыру бермей отыр" деді ол.
Мәселе Еуразия экономика одағы туралы келісім жөнінде болып отыр. Онда "Еңбек көші-қоны" деген бөлім бар. 96-бапқа сәйкес, ЕАЭО елдері көші-қон саясатын өзара келісе отырып жүргізуі керек, ал "одаққа мүше елдер арасында еңбек көші-қон саласындағы әріптестік адам құқығы мен еркіндігін сақтау принциптеріне негізделуі керек".
97-98 баптарға қарағанда, жұмысшы мен оның отбасының мүшелері ЕАЭО аумағында өзі жұмыс істейтін ел азаматтары сияқты әлеуметтік сақтандыру мен жедел жәрдем көмегін пайдалану құқығына ие.
Басылымның жазуынша, Ресейде ЕАЭО елдерінің азаматтары міндетті медициналық сақтандыру жүйесін пайдалану құқығына 2017 жылы 1 қаңтардан бастап ие болған. Еуразия экономика комиссиясының түсіндіруінше, ЕАЭО азаматтары ресейліктер сияқты осындай жүйені пайдалана алады. Ол үшін азаматтар жергілікті жұмыс берушімен еңбек келісімшартын көрсетуі керек.
Былтыр қарашада мемлекеттік дума спикері Вячеслав Володин шетел азаматтарына медициналық полисті алу шарты өзгергенін айтқан. Олар елде кемінде бес жыл заңды істесе ғана тегін емделе алады.
Сот шешімі екі аптадан кейін шығуы мүмкін.
Қырғызстанның Ресейдегі елшісі Құбанышбек Бөкентаевтың сөзінше, Ресейде жалпы 612 мың қырғыз азаматы тұрып жатыр, 377-сі мигрант ретінде тіркелген.
Украинада соғыс басталғалы бері Ресейде мигранттарға қарсы көңіл-күй күрт күшейді. Сарапшылар Ресейде репрессиялық заңдар қабылданып, шенеуніктердің өшпенділік сипаттағы риторикасы күшейгенін айтады. Мигранттардың балаларын мектепке қабылдау қиындап, орыс тілі емтиханы міндеттелген.