Мемлекет Шакираның гонорарына бір тиын да жұмсамайды. «Кабар» ақпарат агенттігінің сұрақтарына жауап берген Қырғызстан президент істері басқармасының жетекшісі Қаныбек Тұманбаев осылай деп мәлімдеді.
Тұманбаевтың айтуынша, концертті жеке ұйым ұйымдастырып жатыр. Стадион мемлекетке тиесілі болғандықтан концерт кезіндегі қауіпсіздік және ұйымдастыру мәселелері бақылауда болады.
«Мемлекет Шакираның гонорары үшін бір сом да, бір тиын да жұмсамайды. Біздің мақсатымыз - билеттерді сату арқылы ақша табу емес, туризмді дамыту. Қырғызстанға келген адам бірнеше күн тұрады, қонақ үйлерге, мейрамханаларға және көлікке ақша жұмсайды. Шакираның бізге келуі елге назарды күшейтіп, туристік әлеуетімізді көрсетуге мүмкіндік береді» деді Тұманбаев.
Оның айтуынша, іс-шараларды өткізуге арналған стадионды жалға алу тарифтері бекітілген, ал түскен қаражат ғимаратқа және оның қызметкерлерінің жалақысына жұмсалады.
Әкімшіліктің мәліметі бойынша, концертке билеттерді көршілес елдер, Еуропа, Америка және Сингапурды қоса алғанда, шамамен 32 елден келген адамдар сатып алған.
Тұманбаев стадион салынғаннан бері басқа да танымал әншілердің Қырғызстанға баруға қызығушылығы артқанын айтып өтті.
Колумбиялық танымал әнші, биші Шакира 18 қазанда Бішкекте өнер көрсетеді. Бұл оның Орталық Азия аймағындағы алғашқы концерті болмақ.
Жергілікті БАҚ-тың хабарлауынша, Шакираның концертіне билет сатылған алғашқы күні билеттерді 22 ел азаматтары сатып алған. Билеттердің көбін (77,32%) Қырғызстан азаматтары алған. Ал шетелдіктер арасында Қазақстан бірінші орында (80,01%) тұр. Одан кейінгі орындарда Ресей (13,08%), Өзбекстан (3,8%). Билетті сонымен бірге АҚШ, БАӘ, Тәжікстан, Түркия, Германия, Қытай, Ұлыбритания азаматтары сатып алған. Билеттің бағасы 62 мың теңгеден басталады.
Бішкек қалалық әкімдігі жанындағы 51 мың орындық «Бішкек Арена» стадионының ашылуы 5 қазанда өтеді. Бішкек қалалық әкімдігі көлік кептелісіне жол бермес үшін астанадағы мектептер, білім беру мекемелері, балабақшалар, кәсіпорындар, мекемелер мен министрліктер осы күні онлайн режимінде жұмыс істейтінін хабарлады.
31 тамызда VI Дүниежүзілік көшпенділер ойындарының ашылу салтанаты өткен стадион Бішкектің шетіндегі Орок ауылында орналасқан. Биыл стадион 60 000 долларға салынғаны туралы ақпарат болды, бірақ кейін президенттің баспасөз хатшысы оның 386 миллион долларға салынғанын нақтылады.