Қырғызстан – Қытай – Пәкістан бағыты бойынша пилоттық жаңа көлік дәлізі ашылды деп хабарлады Қырғызстанның көлік және коммуникация министрлігі.
Ведомствоның хабарлауынша, жоба Қырғызстанның халықаралық тасымалдаушылар қауымдастығымен бірлесіп, халықаралық көлік дәліздерін дамыту және әлемдік теңіз порттарына тікелей қол жеткізуді қамтамасыз ету стратегиясы аясында жүзеге асырылған.
Жаңа жол Бішкектен басталып, Торугарт шекара өткелі арқылы өтеді, әрі қарай Қашқар — Хунжераб — Исламабад — Карачи теңіз портына дейін барады. Жолдың жалпы ұзындығы 3,3 мың шақырым.
Министрлік өкілдерінің айтуынша, жаңа дәліз елдің логистикалық мүмкіндіктерін кеңейтуге, сыртқы сауданы жандандыруға және теңіз порттарына шығуға жол ашады.
Жаңа дәліздің ашылғанын Пәкістанның Қырғызстандағы төтенше және уәкілетті елшісі Альтамаш Уәзір Хан да 23-24 сәуірде Бішкекте өткен Шанхай ынтымақтастық ұйымы елдерінің көлік министрлерінің отырысы кезінде де айтты.
"Өткен аптада Қырғызстаннан шыққан жүк көлігі Пәкістанға аман-есен жетті. Екі елдің министрліктері жолдың барлық бөлігінде жүргізушілермен үнемі байланыста болды, осылайша олардың кедергісіз және жедел жетуін қамтамасыз етті" деді дипломат.
Қырғызстанның халықаралық тасымалдаушылар қауымдастығының төрағасы Азамат Жұмабеков Азаттық Азияға Қырғызстаннан Пәкістанға азық-түлік жеткізілгенін айтты.
Өткен аптада Пәкістаннан Ауғанстанды айналып өтіп, Орталық Азия елдеріне жететін жаңа логистикалық бағыт ашылғаны белгілі болған. Рефрижераторлармен жабдықталған мұздатылған сиыр етін тиеген жүк көліктері Карачи портты қаласынан шығып, Ташкентке жеткен. Көліктер Иран аумағына кіру үшін шекарадағы Габдт-Римдан терминалы арқылы өткен, одан әрі қарай Түркіменстан арқылы Ташкентке жеткен.
Пәкістан – Иран – Орталық Азия бағытындағы жаңа дәліздің картасы.
Пәкістан билігі пилоттық негізде іске қосылған жаңа дәлізді шамамен 70 миллион халқы бар Орталық Азия елдерінің нарығына шығу мүмкіндігі ретінде қарастыратынын мәлімдеді.