Қырғызстанда елге оралып, бизнес бастаған азаматтарды салықтан уақытша босатуды ұсынды

Қырғызстанда шетелде жұмыс істеп, нәпақа тауып, еліне оралған, қазір өз елінде бизнес ашып жатқан азаматтарға салық жеңілдіктерін енгізуді ұсынды. Жогору кеңеш депутаты Бурул Аманова 1 қазан күнгі парламент отырысында осыны ұсынды деп жазды Азаттықтың Қырғыз қызметі.

Аманованың сөзінше, ол шетелден оралған кәсіпкерлерді қолдайтын «Мигранттарға инвестиция» атты заң жобасын дайындап жатыр. Ұсыныстар арасында инвестиция көлеміне қарай оларды салықтан уақытша босату сияқты пунктер де бар.

Қырғызстан мемлекеттік салық қызметінің жетекшісі Алмамбет Шыкмаматовтың айтуынша, мұндай кәсіпкерлерге бес жылға дейін салық каникулын қарастырса болады. Ол сонымен бірге түзетулерде Wildberries және Ozon маркетплейстерінде істейтін сатушыларды салықтан толық босату сияқты пунктер барын айтты.

Депутат Махабат Мавлянова жергілікті инвесторларға тиісті дәрежеде қолдау болмай отырғанын айтты. Оның айтынша, қырғыз кәсіпкерлеріне бизнес бастау үшін жер алу қиынның қиыны, ал шетел инвесторлары жерді оңай ала алады. Ол сонымен бірге жаңа кәсіпорындар жиі кезігетін су, электр энергиясы және өзге де инфрақұрылымды қосудағы қиындықтарды тізбеледі.

1 қазанда Жоғарғы кеңеш салыққа қатысты бірнеше заңға түзету енгізу туралы заң жобасын бірінші оқылымда қарады. Жоғарыда айтылған түзетулер әзірге талқыланып жатыр.