Қырғызстанда сотқа жеткен Қамшыбек Ташиевтің ісін құпия қылды

Қамшыбек Ташиев

Қырғызстанның бас прокуратурасы Ұлттық қауіпсіздік мемлекеттік комитетінің (ҰҚМК) бұрынғы басшысы Қамшыбек Ташиевтің үстінен қозғалған қылмыстық іс бойынша айыптау актісін бекітті. Мұны адвокат Икрамидин Айтқұлов әлеуметтік желідегі парақшасында хабарлады.

Оның айтуынша, қылмыстық Бішкектің Первомай аудандық сотына берілген іс құпия деп танылған.

"Бұл барлық сот отырысы жабық өтеді және ешкімнің тергеу немесе сот деректерін жария етуге құқығы жоқ дегенді білдіреді", деп жазды Ташиевтің адвокаты.

ҰҚМК-нің бұрынғы басшысымен бірге бұл істе тағы жеті адам бар.

Қамшыбек Ташиевке билікті күшпен басып алуды жоспарлады және қызмет бабын теріс пайдаланды деген айыптар тағылған.

29 сәуірде Ташиев өзіне қарсы қылмыстық іс қозғалғанын растаған. Оның мәлімдемесін Facebook-те "Регион" телеарнасының басшысы Откурбек Рахманов жариялады. Онда ҰҚМК бұрынғы басшысы өзін кінәсіз деп санайтынын және ақталамын деп үміттенетінін мәлімдеп, жақтастарын "заң аясынан шықпауға" және ешқандай шара қолданбауға шақырды.

БАҚ хабарламаларына сәйкес, бұл іс "75-тің хатына" байланысты болуы мүмкін — саясаткерлер мен қоғам қайраткерлерінің елде мерзімінен бұрын президент сайлауын өткізуге шақырған үндеуі осылай аталып жүр.

9 ақпанда арасында Қырғызстанның бұрынғы премьер-министрлері, парламент депутаттары мен қоғам қайраткерлері бар 75 адамнан тұратын топ президент Садыр Жапаровқа және сол кездегі парламент спикері Нұрланбек Тұрғынбек уулына елде мерзімінен бұрын сайлау өткізуге шақырған хат жолдады. Кейінірек хат авторларының кейбірі оған оқымай қол қоюға келіскенін мәлімдеді.

Ішкі істер министрлігі әлгі хатқа байланысты қылмыстық іс қозғады. Бірнеше адам ұсталды, олардың арасында қоғам қайраткері Бекболот Талғарбеков, бұрынғы ауыл шаруашылығы министрі және Өзбекстандағы бұрынғы елші Емилбек Ұзақбаев, бұрынғы депутат Құрманбек Дыйқанбаев, бұрынғы премьер-министрдің орынбасары Аалы Қарашев және бұрынғы ішкі істер министрінің орынбасары Құрсан Асанов бар.

Қамшыбек Ташиев биыл 10 ақпанда Ұлттық қауіпсіздік мемлекеттік комитетінің басшысы қызметінен босатылған. Кейінірек президент Садыр Жапаров парламенттегі "президент адамдары" мен "арнайы қызмет адамдары" арасындағы жікке бөліну жайлы айтты, бұл Жогорку Кеңештен тыс жерлерге де қарама-қайшылық таралғанын көрсетеді.

Кейінгі апталарда осы оқиғалар аясында Қырғызстанда бірнеше депутат мерзімінен бұрын қызметінен кетті. Олардың кейбірі қылмыстық істер бойынша, соның ішінде сыбайлас жемқорлық пен билікті теріс пайдалануға байланысты тергеу істері бойынша айыпталушыға айналды.