Қырғызстанда ҰҚМК жемқорлыққа қарсы басқармасының басшысы ұсталды

Көрнекі сурет.

Қырғызстан ұлттық қауіпсіздік жөніндегі мемлекеттік комитетіне қарасты аса ерекше маңызды істер жөніндегі алтыншы бас басқармасының жетекшісі Тілек Әбдіхалықов ұсталды. Бішкек соты оны 15 сәуірге дейін қамауға рұқсат берді.

Сот мәліметінше, оған "Жемқорлық" бабы бойынша айып тағылған.

Ашық дереккөздерде Тілек Әбдіхалықов жөнінде толық ақпарат жоқтың қасы. ҰҚМК-ның жемқорлықпен күрес қызметі жойылғаннан кейін жемқорлық күрес алтыншы бас басқармаға жүктелген еді.

Қамшыбек Ташиев ҰҚМК-ның төрағасы қызметінен алынғаннан кейін ведомствоның бірқатар қызметкері ұсталған. Арасында ҰҚМК-ның Бішкек қалалық басқармасының бұрынғы бастығы – Елдар Жақыпбеков, оған жақын тұлға ретінде аталатын ҰҚМК-ның Шу облысы бойынша басқармасы тергеу бөлімінің бұрынғы жетекшісі Сыдық Дүйсембиев және тағы бірнеше адам бар. Олар "Жемқорлық" бойынша күдікке ілінген.

Тергеуді әскери прокуратура жүргізіп жатыр, алайда істің жай-жапсары айтылмайды.