Қырым татарлары Мәжілісінің басшысы Тоқаевтың ұсынысын сынға алды

Қырым татар халқының Мәжілісінің өкілдері Рефат Чубаров пен Ескендір Бариев Нью-Йорктегі БҰҰ штаб-пәтерінде өткен алтыншы Қырым платформасы саммитінде. 23 қыркүйек 2026 жыл.

Киевте шоғырланған Қырым татарлары халқы Мәжілісінің басшысы Рефат Чубаров Қазақстан президенті Қасым-Жомарт Тоқаевтың Ресейді Түркі мемлекеттері ұйымына (ТМҰ) шақыру туралы ұсынысын сынға алды. Оның пікірінше, бұл бастама Кремльдің ұйымдағы Ресейдің ықпалын күшейтуге бағытталған ықтимал жоспардың бір бөлігі.

Чубаров Facebook-тегі жазбасында Тоқаевтың ұсынысын Мәскеудің оң бағалағанына назар аударды. Оның пайымдауынша, Қазақстан президенті мен Кремль ұстанымдарының сәйкес келуі олардың әрекеттері алдын ала келісілген болуы мүмкін екенін аңғартады.

«Тоқаев Мәскеудің көздеген мақсатын дәл жеткізді деп сенемін» деді Чубаров.

Мәжіліс басшысының пікірінше, Орталық Азия елдері ТМҰ аясындағы ынтымақтастықты Ресейге тәуелділікті азайту үшін де дамытып отыр. Ал Мәскеудің ұйымға қатысуы аймақтағы мемлекеттерге ықпалын күшейтуі мүмкін.

Чубаров Тоқаевтың бастамасы Түркияны да күрделі жағдайға қалдырады деп есептейді. Оның айтуынша, бұл Анкараны ұйымның мақсаттарына қайшы келетін ұсынысты қолдау немесе Мәскеумен қарым-қатынастың нашарлауы арасында таңдау жасауға итермелеуі мүмкін.

Мәжіліс басшысы ТМҰ-ға мүше елдерді Қазақстан президентінің ұсынысын қолдамауға шақырды. Ресейдің Украинаға қарсы соғысы жалғасып жатқан тұста және Қырым татарларының отаны Қырым оккупацияланған шақта мұндай бастама көтерілгенін де сынады.

  • 30 қазанда Қазақстан президенті Қасым-Жомарт Тоқаев Ресейді Түркі мемлекеттері ұйымына тартуды ұсынған. Атап айтқанда, ТМҰ+ форматына қатысуға шақыруды немесе ұйым жанынан бақылаушы мәртебесін беруді ұсынған еді. Оның айтуынша, Мәскеудің түркі әлемімен тарихи байланысы бар және Ресейдің ұйым жұмысына қатысуы "барлық мүше мемлекетке пайдалы" болмақ.
  • 2 қарашада Ресей президентінің баспасөз хатшысы Дмитрий Песков Ресейдің ұйымның жұмысына араласуы «түсінікті әрі орынды» болады деп бағалады. Алайда оның айтуынша, Мәскеуге әзірге ресми шақыру түспеген.
  • Түркі мемлекеттері ұйымына Қазақстан, Қырғызстан, Өзбекстан, Әзербайжан және Түркия мүше. Ал Түркіменстан, Венгрия және халықаралық деңгейде мойындалмаған Солтүстік Кипр Түрік Республикасы бақылаушы мәртебесіне ие.

ОҚИ ОТЫРЫҢЫЗ

Трамптың қоңырауы, Ресейді шақыру ұсынысы. Түркі мемлекеттері ұйымының саммиті қалай өтті?Түркі саммиті: Тоқаев "бұл геосаяси жоба емес" деді, бірақ геосаясат туралы көп айтылды"Орта дәліз", дрон, мұнай және Ердоған. Түркі елдері ынтымақтастығының болашағы қандай?Түркі елдері ортақ латын әліпбиін енгізбек, бірақ оған Қырғызстан әлі дайын емес. Неге?Түркі мемлекеттері ұйымы күшейе ме?