Скифтер жаулаған түбек: Ресей Қырымнан табылған археологиялық олжаны қалай иемденді?

Фронт-3 қорымынан табылған қазбалар.

Ресей 2014 жылы Қырымды аннексиялаған соң сол жердегі археологиялық байлыққа көз тікті. Жеті жыл жүрген ауқымды қазба жұмыстарынан кейін Мәскеу жаңа археологиялық олжалар жинап алды. Ал Киев осыны көріп, шарасыздық танытып отыр.

Қырым кемі б.з.д. 5-ғасырдан бері аймақтағы алпауыт империялар арасындағы қақтығыс нүктесі ретінде сипатталып келеді. Сол ғасырда танымал грек тарихшысы Геродот түбекті жайлаған скифтерді алтын жалатылған бас сүйектен шарап ішетін, сораны молынан өртейтін және сол жерге көшіп барған гректерді сән-салтанатпен құрбанға шалатын варвар ретінде сипаттаған.

Геродоттың өз сөзі:

"Жағасында кемесі суға батқан бөтен адамдардың бәрі, әсіресе олардың қолына түскен әрбір грек мынадай жолмен құрбандыққа шалынған: алдымен дұға жасаған, содан кейін шоқпармен құрбанның басын жарған" Тарих, 4-кітап, 103-бөлім, б.з.д. 5-ғасыр.

Грек тарихшысы сірә бұл жерді 2400 жылдан кейін шығыстан келген басқыншы жаулап алып, бәрін қазып тастап, сол жерді мекен еткендердің тарихи мұрасын меншіктеп аларын білмесе керек.

"АЛТЫННЫҢ БӘРІ МЕНІКІ"

2014 жылы наурызда Ресей Украинаның Қырым аймағына сарбаздарын жіберіп, референдум өткізді де, Қара теңіздегі түбекті аннексиялап алды. Оған БҰҰ Бас ассамблеясының бұл референдумды заңсыз деп тануы да кедергі болмады.

Қырымды құрамына қосып алған Ресей бірден оның археологиялық байлығына көз тікті. Сол жылдың соңында-ақ жаңа археологиялық қазба жұмыстарын бастап, ғасырлар бойы өркениеттің торабына айналған аймақтағы музейлерді, мәдени нысандар мен ғылыми мекемелерді иемденіп алды.

Киев мұны ұрлыққа балап, Ресей қазбаларды, тарихи орындар мен мекемелерді ұрлап жатыр деді. Украина археологиялық алаңдардың зақымданғанын, ал табылған қазбалардың Ресейге кетіп жатқанын айтып, жағдайдың одан әрі қалай жалғасатынына алаңдап отыр.

Ресей расымен де Қырымды тартып ала сала көптеген жерді қазып тастап, археологиялық қазба байлықтарын меншіктеп жатыр. Қазба жұмыстарының негізгі бөлігі Ресейді түбекке жалғайтын көп маңында жүріп отыр.

Керчь бұғазынан өтетін "Қырым көпірін" салу кезінде 1 миллионнан астам артефакт табылды. Көпір құрылысы былтыр тамызда аяқталғанымен, қазба әлі жүріп жатыр.

Қырым жеріндегі заңсыз қазба жұмыстарына осы күнге дейін Ресей бақылауындағы мекемелердің кемі 29-ы қатысқан. Сонымен қатар қазбалар мен мола тонаушылар да айналысып жатыр. Бұл туралы Азаттық радиосына Украинаның реинтегргация министрлігі хабарлады.

Украина министрілігі атап өткен "ұрлықты" немесе қазба жұмыстарының сапасын тексеру талпыныстары "Ресейдің Украинадағы оккупация әкімшілігінің қарсылығына" тап болған.

"ЕЖЕЛГІ МӘДЕНИЕТТЕР ТОҒЫСЫ"

Археологтар Қырымды көптеген халық пен мәдениет кіріп, шыға алмай қалған бөтелкеге теңейді. Бұл тізімде киммерийлер, скифтер, гректер, понтийлер мен римдер, сарматтар, византиндер, моңғолдар мен османдар, готтар, ғұндар, хазарлар, славяндар, қырым татарлары және тағы басқалары бар.

Ресей билікті басып алғаннан кейін Қырымда осы тайпалардың болғанына жаңа дәлелдер табылды. Оның ішінде ғасырлар бойы сақталып келген жерлеу қорғаны мен қоныстар да бар. Мұндай археологиялық мұра Ресейдің тарихи білімді аңсауынан табылды деуге де болмас. Ресей заңнамасы түбекте инфрақұрылымдық жобалардың құрылысын бастау үшін алдымен қазба жұмыстарын жүргізуді талап еткен.

Бұл талап археологтарға "Қырымның әр өңірінде ірі зерттеу жүргізуге ерекше мүмкіндік" беріп, "Қырымның археологиялық тарихындағы" ірі қазба жұмыстарына әкелді, дейді Ресей ғылым академиясының Археология институты.

"ТАВРИДА КҮРЕ ШОЛЫНДА ТАБЫЛҒАН ЕСКЕРТКІШТЕР"

2016 жылы 310 шақырымдық Таврида күре жолының бойымен өтетін "Жаңа құрылыс археологиялық экспедициясы" басталды. Бұл жерлерде 80 мың жыл бұрынғы кезеңге де, 20 ғасырға да тән 100-ге жуық олжа табылды.

Ресей археология институтының дерегінше, табылған 10 мыңнан астам зат Мәскеу бақылауындағы Қырым музейлеріне берілген.

Ең танымал археологиялық жаңалықтардың бірі Кречь ауруханасының жанында орналасқан қорған болды. Онда боспор ақсүйегінің сүйегі табылды.

Кішкентай баланың сүйегін қоршап тұрған үлкен тасты "Фонтан 1" мазарлар қорғаны.

Севастопольге жақын жердегі Инкерман алқабындағы "Кил-Дере 1" қабірін қазу кезінде 232 қабір, 63 стела немесе Қырымдағы кейінгі скиф кезеңінің ең үлкен коллекциясына жататын әшекейлі ескерткіштері мен тақталар табылды.

"Кил-Дере 1" қабірі.

2018 жылы Севастополь маңындағы Белбек өзенінің бойындағы қазба жұмыстары барысында рим дәуірінің "Фронт-3" қорымы табылды. Ғалымдар ондағы 200 қабір мен 250 адамның сүйегін әлі зерттеп жатыр. Сондай-ақ ол жерден тоқыма жіп, сақина, кулон, конус кубок табылған.

"Фронт-3" қорымы

"ГРЕКТІҢ БАС СҮЙЕГІ"

2017 жылы сүңгуірлер Қырым көпірінің теміржол бөлігіне жақын жердегі Ақ-Бурун мүйісінен саздан жасалған грек бас сүйегін тапты.

Зерттеушілер оның қайдан шыққанын әлі анықтап жатыр. Кейбіреуі оны мүсіннің бір бөлігі болуы мүмкін екенін айтады. Бір анығы – бұл Қара теңіздің солтүстік жағындағы осындай алғашқы жаңалық болды.

Шығыс Қырым экспедициясы түбектің Азов аймағындағы қоныстарды зерттеуге бағытталды.

"Полянка" қонысындағы қазба жұмыстары кезінде б.з.д 3-2 ғасырға жататын белгілері бар синоп амфоралары табылды.

Сонымен қатар Қырымның солтүстік-батысында орналасқан, б.з.д 4-ғасырға жататын "Кара-Тобада" да қазба жұмыстары жалғасып жатыр.

Алдымен понтий патшасының, сосын скифтердің қамалы болған, кейін боспорлар қиратқан бұл жерде қазба жұмыстары 1980 жылдардың ортасынан бері жүргізіліп келеді.

ТАСЫМАЛ КЕЗІНДЕ ТАСА БОЛҒАН

Археологиялық мұраға байланысты ең үлкен дау Мәскеудің бақылауымен Қырымнан табылған ежелгі ескерткішерге емес, Ресей оккупациясы басталғанда шетелде турда болған құнды артефактілерге қатысты болып отыр.

Бұл коллекцияда алтын қынап, салтанатты дулыға, зергерлік бұйымдар, асыл тастар мен басқа да ескерткіштер бар. Қырымның төрт музейі мен Киевтің бір музейі ұсынған артефактілер қазір Нидерландыда тұр. Коллекцияны не күтіп тұрғаны белгісіз.

570-тен астам артефакт төрт қырым музейі, Украина және Амстердамдағы Аллард Пирсон музейінің (АПМ) арасында, үш оттың ортасында қалды. 2014 жылы ақпан-тамыз аралығында коллекцияны көрмеге қойған АПМ Киев музейінен алған заттарды қайтарып, Қырымнан алған артефактілерді өзіне алып қалған.

Амстердам музейінің адвокаты Пол Лоэб Азаттыққа "даулы заттардың кімге тиесілі екенін шешу Аллард Пирсон музейінің жұмысы емес" деді.

Қырым музейлері АПМ-нің Ресей Қырымды басып алғанға дейінгі несие келісімін бұзғанын, коллекцияны Киевке беру заңсыз екенін айтады.

Ал Украина коллекцияның заңды иесі ретінде өзін көрсетіп отыр. 2016 жылы Нидерланд соты артефактілер Украина мұрасына жататындықтан, коллекцияны Киевке қайтару туралы шешім шығарды. Бірақ апелляция сотында алғашқы үкімнің күші жойылып, ЮНЕСКО-ның 1970 жылғы конвенциясы, Нидерланд мұрасы туралы заң және мәдени мұраны меншікке беру туралы басқа да заңдар бұл жағдайда қолданылмайды деді.

Сот процесін коронавирус пандемия кейінге шегере берді. Оның үстіне сот та істі біршама ұзартты. Нәтижесінде нақты шешім 14 қыркүйекте бір-ақ қабылданбақ.

УКРАИНАНЫҢ КҮДІГІ

Киев Нидерландыдағы коллекция да, Ресей қазір қазып алып жатқан мұра да, түбек те Украинаға қайтарылуы керек дейді.

Украинаның реинтеграция министрлігі "Қырым түбегіндегі мәдени мұраның бәрі тек Украинаға тиесілі" деп мәлімдеді.

Ведомство Қырым түбегіндегі археологиялық жұмыстарға байланысты бірнеше мәселе барын айтты.

Солардың бірі – министрлік Қырымның мәдени мұрасын Ресей музейлеріне экспонат ретінде жіберу "Қырым түбегінен табылған мәдени мұра объектілерін заңсыз тасымалдауға және сатуға жол ашуы мүмкін" дейді.

Тағы бір проблема – Украина билігінің қазба жұмыстарын және қазба орындарын бақылай алмауы сол жерлердің тұтастығын бұзып, сондағы мәдени және тарихи мұраға кесірін тигізеді деп қауіптенеді. Мысалы, сол жердегі Бахчисарай мәдени-тарихи қорығы мен Таурик Херсонес ежелгі қаласы ЮНЕСКО мұрасы тізіміне енген.

Таурик Херсонес ежелгі қаласының қалдығы.

Министрліктің ойынша, "Ресейдің заңсыз археологиялық қазба жүргізуі, оның ішінде ірі нысандар мен кей жерлерді, соның ішінде Бахчисарай қорығындағы қырым-татар архитектурасының әлемдегі жалғыз үлгісін кәсіби емес қайта қалпына келтіруге тырысуы" ерекше проблема туғызады.

Украинаның алаңдауы "уақытша оккупацияланған жерлердегі жағдайды бақылауға ЮНЕСКО мандаты бар халықаралық бақылаушыларды" тарту мәселесін қарастыруға итермеледі, деп мәлімдеді министрлік.

"ӘЛІ ҚАЗЫП ЖАТЫР"

Киевтің не қалайтынына немесе не ойлайтынына қарамастан, қазба жұмыстары әлі де жалғасып жатыр. Ресей Путин кеңсесі қаржыландыратын Ресей мұрасы қорының қолдауымен Қырымдағы нысандардағы қазба жұмыстарына көмектесетін еріктілерді де ашық тартып жүр.

Қырымның тарихын бірге ашуға шақыратын Open Archeology сайты 2021 жылы жеті экспедиция болуы мүмкін деп жазған. Бірақ орындар тез табылып жатыр. Бір ғана Симферопольден 15 шақырым жердегі Опушка ауылында да қазба жүргізетін жерді белгілеп қойған.