Қытай Қазақстанда алдағы бірнеше жылда үш электр станциясы: екі жел және бір күн электр станциясын салады. Бұл жөнінде энергетика вице-министрі Сұңғат Есімханов айтты. Оның сөзінен Ulysmedia үзінді келтіреді.
- Қытаймен келісім бойынша үш жоба бар. Біріншісі ірі жел электр станциясы. 1000 мегаваттық ЖЭС Павлодар облысында салынады. Екіншісі 500 мегаваттық ЖЭС Қарағанды облысында салынады. Бұған қоса, 300 мегаваттық күн электр станциясы Түркістан облысында салынады. Жобалық компания ғой. Негізгі инвестор – Қытай. Бірақ Қазақстан тарапынан да салуда үлесі бар, әр жобада 25-30 пайыз, – деді вице-министр.
Оның сөзінше, күн электр станциясының құрылысы былтыр желтоқсан айында басталып кеткен. Жалпы 2027 жылдың бірінші тоқсанында аяқталуы тиіс. Қалған екі жобаның құрылысы алдағы 2-3 жылда басталмақ.
Шенеуніктің айтуынша, Қытай жоғарыда аталған үш жобаға 2,2 млрд доллар инвестиция салған.
Қытай бұған дейін де елде қалпына келетін энергия нысандарын салған. 2025 жылғы мәлімет бойынша, Қазақстанда қалпына келтірілетін энергия көздерінен (жел, күн, су) алынған энергия қуаты 3500 мегаваттқа жеткен. Бұл – елде өндірілетін қуаттың 7 пайызға жуығы. Онда Қытайдың айтарлықтай үлесі бар. Елде қалпына келтірілетін энергия көздерінен энергия алатын 162 нысан бар.
Қазақстан билігі бұған дейін Қытайдың елге екінші атом электр станциясын да салып береді деп айтқан еді. (Біріншісін Ресей салмақ).
Тәуелсіз сарапшылардың пікірінше, Қазақстанда қалпына келтірілетін энергия нысандарын салу мүмкіндіктері жоғары болғанмен көмір сияқты ауаны ластайтын энергия өндірушілердің лоббиі көп.