Қытай Тайвань жағалауында “арнайы теңіз операциясын” бастады

Тайвань Жапония және Филиппинмен теңіз аумағын делимитациялау туралы келіссөз жүргізгеннен кейін Қытай Тайванның шығыс жағалауында “арнайы теңіз операциясын” бастады. Пекин мұны өзінің территориялық тұтастығы мен теңіз құқығына қол сұғу деп қарастырады.

Қытай көршілес акваторияларға иелік еткісі келеді және сол үшін Жапония, Филиппинмен дауласып келеді. Синьхуа агенттігінің хабарлауынша, «арнайы операцияның» мақсаты «Қытайдың теңіздегі әкімшілік және құқық қорғау юрисдикциясын жүзеге асыру, шалғай теңіз аймақтарына күзет қою мүмкіндіктерін нығайту және негізгі суда көлік қозғалысын реттеу мүмкіндігін күшейту, теңіздегі көлік қозғалысының қауіпсіздігін қамтамасыз ету және ұлттық құқық пен мүддені қорғау».

Жуырда Филиппин президенті кіші Фердинанд Маркостың Жапонияға сапары барысында Жапония мен Филиппин Тайваньның шығысындағы эксклюзивті экономикалық аймақ пен континенттік қайраңды делимитациялау процесінің басталғанын жариялаған.

Қытай сыртқы істер министрлігі Жапония мен Филиппинді БҰҰ-ның теңіз құқығы туралы конвенциясын бұзды деп айыптады. Қытайдың Тайвань істері жөніндегі мемлекеттік кеңесі талқыланған теңіз шекарасы аралдың маңында орналасқанын мәлімдеген.

Бұған реакция білдірген Тайванның жағалау күзет әкімшілігі Қытайдың аталған аумақтағы суға иелік етуге құқығы жоқ екенін айтқан.

Аралдың билігі Қытай күштерін бақылау үшін бес кеме және күзет катерін жіберді. Тайвань әскері Сэмянь портынан шығып, Тайванның оңтүстік-батысына қарай бет алған қытайлық кемелердің қозғалысын бақылап отырғанын айтты.

Пекин Тайванды өз аумағы санайды және Тайбэйдің өзге елдермен өз бетінше жеке ресми байланыс орнатуына қарсы. Тайвань билігі Қытай ұсынған “бір ел – екі жүйесін” кері қаққан.