"Қыз керек емес". Орталық Азиядағы қасаң түсініктің дүние есігін ашпаған балаға әсері

Роман Кимнің иллюстрациясы

Орталық Азия елдеріндегі патриархал дәстүрлер жыл сайын ондаған мың қыз баланы дүниеге келмей жатып құрбан етуге әсер етіп отыр. Медицинаның заманауи диагностика технологияларының көмегімен құрсағындағы баланың қыз екені анықталғаннан кейін анасы, әлгіндей түсінік кесірінен, бойына біткен перзентінен жасанды түсік жасатып арылуға мәжбүр болады. Сарапшылар бұл жағдай қоғамда баланы жынысына бола алалап, кемсіту сақталып отырғанын көрсетіп қана қоймай, әлеуметтік қауіп-қатерге ұрындырады деп ескертеді.

Өмірге келмей жатып керексіз қылған

50 жастағы Ташкент тұрғыны Нафиса бір кездері өміріндегі ең қиын шешімдердің бірін қабылдауға мәжбүр болғанын айтады. Ол уақытта күйеуі екеуі дүниеге әкелген екі қыз баланы тәрбиелеп отырған келіншек бойына біткен үшінші бала қыз екенін білген соң түсік жасатуды ұйғарған. Күйеуі қарсы болмаған.

Your browser doesn’t support HTML5

Қыз болғаны үшін аборт жасайды. Өзбекстан мен Тәжікстандағы жыныстық кемсіту

"Ол қыздарын жанындай жақсы көреді және оларды үнемі еркелетеді. Бірақ ұлды болғысы келетінін ешқашан жасырған емес. Мен үшінші баланы дүниеге әкеліп, сонымен тоқтауды ойлап жүрдім. Егер сол кезде қыз тусам, төртінші бала көтеруді ойластырар едім, өйткені ұл перзент сүйгім келді. Алайда денсаулығым нашар болғандықтан оған жарамай қалармын деп ойладым. Сондықтан үшінші баланы алдырып тастадым", – деді ол.

Екі жылдан кейін Нафиса тағы да бала көтерген.

"Бойыма бала біткеніне 12 апта болғанда ультрадыбыспен зерттеу жасаған дәрігер құрсағымдағы шарана ұлға ұқсайды деді. Денсаулық жағдайыма қарамастан туамын деп бекіндім, расымен дүниеге ұл бала келді", – деді Нафиса.

Роман Кимнің иллюстрациясы

Шығыста жүздеген жылдардан бері ұл баланы артық санау дәстүрі қалыптасқан. Бірақ құрсақта жатқан баланың жынысын алдын ала анықтау бұрын мүмкін емес еді. Ал қазір осы заманғы технологиялар – ультрадыбыспен зерттеу мен қан талдауы нәтижесінде оны анықтауды меңгерген, ал бұл әлі жатырда жатқан қыздың кемсіту көріп, жасанды түсік құрбанына айналуына жол ашты.

Әлемнің көптеген елінде дүниеге келген әр 100 қызға 105 ұл баладан келеді, ондаған жылдар бойы солай қалыптасқан. Әйткенмен, Орталық Азияның екі елінде – Өзбекстан мен Тәжікстандағы көрсеткіш бұдан өзгешелеу.

Ресми деректерге сәйкес, Өзбекстанда әр 100 қызға шамамен 107 ұл бала, ал Тәжікстанда – 110 ұлдан келеді.

Зерттеушілер мұндай айырмашылықтың себебін аяғы ауыр әйелдердің құрсағындағы бала қыз екенін медициналық зерттеу анықтағаннан кейін оны алдырып тастайтындығымен байланыстырады. Көбіне әйелді ондай қадамға баруға күйеуі мен туыстарының қысымы итермелейді.

"Бала біткеніне 21 апта болса да түсік жасатуға мәжбүрледі"

Тәжікстанда да, Өзбекстанда да әйелдің бойына бала біткеніне 12 аптадан аспаса, оған өз өтініші бойынша түсік жасатуға рұқсат етіледі. Ал мерзімі одан асқандарға аборт жасатуға медициналық не әлеуметтік себептер бойынша ғана рұқсат берілуі мүмкін.

Ал іс жүзінде бұл шектеулерді айналып өтетіндер аз емес, дейді Ферғанадағы ана мен балаға әлеуметтік және құқықтық қорғау көрсететін "Мехржон" үкіметтік емес ұйымының психологы Муаззам Ибрахимова Азаттық Азияға.

"Бойына бала біткеніне 21 апта болған әйелді, құрсағындағысы қыз екенін білгеннен кейін, оны алдырып тастауға мәжбүрлеген жағдайларды білемін", – деді Ибрахимова.

Муаззам Ибрахимова

Өздеріндегі заң бойынша, Тәжікстанда да, Өзбекстанда да әйелге түсік жасатқаны үшін жауапкершілік жүктелмейді, бірақ екі елде де аборт жасатуға мәжбүрлегендерді немесе заңсыз түсік жасаумен айналысқандарды қылмыстық жауапқа тартады.

Алайда көбіне әйел өзін баланы алдыртып тастауға мәжбүрлеп, оған зомбылық жасап жатқанын түйсінбеуі мүмкін, дейді Душанбедегі "Зеркало" социологиялық зерттеу орталығының директоры Гүлнора Бекназарова Азаттық Азияға.

"Мәжбүрлеу – зорлық-зомбылықтың бір түрі. Бірақ қазір өзін түсік жасатуға мәжбүрлегенін айтатын адам аз шығар. Өйткені мұндай зорлық-зомбылық болды деп айту үшін оның зорлық-зомбылық екенін білу керек. Адам оны әрқашан түсіне бермейді. Олар [аборт] "қажет" деп айтатындардың пікірін қоштауы мүмкін", – дейді Бекназарова.

"Күйеуім анасының айтуымен тоқал алды"

Ферғана қаласының 35 жастағы тұрғыны Гули төрт қыздың анасы. Әйелдің айтуынша, ол бала көтерген әр жолы күйеуі мен оның отбасы ұл сүйгісі келетінін жасырмаған. Төртінші баласына аяғы ауыр болып тексерілген кезде дәрігерлер Гулиге дүниеге тағы бір қыз әкелетінін хабарлаған. Мұны естіген күйеуінің отбасы келіншектен аборт жасатуды талап еткен. Гули көнбеген. Күйеуі оған өзіне мұрагер сыйлайтын тоқал алатынын мәлімдеген.

"Әуелде күйеуім қалжыңдап тұрған шығар деп ойладым. Бірақ енем ылғи қыз туғанымды бетіме баса беретін. Мен төртінші қызды өмірге әкелгеннен кейін енем ақыры ұлын тоқал алуға көндірді, ол көптен күткен ұл бала тауып беретініне сенімді болды. Күйеуім анасының ақылымен тоқал алды. Бірақ ол да төрт қыз тапты. Қазір күйеумнің сегіз қызы бар", – деді Гули.

ОҚИ ОТЫРЫҢЫЗ

Тәжікстанда ерлердің аздығы әйелдерді тоқал болуға мәжбүрлейді

Ұлды қыздан жоғары қою Өзбекстанда қазірдің өзінде демографиялық жағдайға кері әсер етіп отыр. Ресми статистикаға сәйкес, кейінгі ширек ғасырда елде дүниеге келген қыз балаға қарағанда ұлдардың саны 650 000 адамға артық. Көрші Тәжікстанда да бірнеше жылдан бері осындай үрдіс байқалып отыр.

Душанбедегі Vita медициналық генетика орталығының негізін қалаған Фарангис Мамадбокирова биологиялық тұрғыдан мұндай теңсіздік неліктен табиғи емес деп саналатынын түсіндірді.

"Ер адамның ағзасы X және Y хромосомалары бар сперматозоидтарды шамамен бірдей — 50/50 мөлшерде бөледі. Бұл дүниеге ұл немесе қыз болып келудің бастапқы мүмкіндігі шамамен бірдей екенін білдіреді. Тіпті кейбір биологиялық ауытқуларды ескергеннің өзінде, тұтас ұлт деңгейінде мұндай айқын теңсіздік тудыра алмайды", – дейді генетик Мамадбокирова.

Фарангис Мамадбокирова

Генетиктің айтуынша, баланың жынысы генетикалық жолмен және ер адамға байланысты қалыптасады.

"Әр адамда 23 жұп хромосома бар және жынысты қалыптастыратыны нақ сол 23-жұп. Әйелде ол XX, ал ер адамда – XY. Жұмыртқа жасушасында үнемі X хромосомасы болады, ал сперматозоид не X, не Y хромосома тасымалдайды. Егер екеуінің қосындысы XX болса, қыз бала өмірге келеді; ал егер XY болса, ұл туады", – деп түсіндірді маман.

Соған қарамастан, қоғамда баланың жынысына әйел "жауапты" деген сенім кең таралған. Егер отбасында ұл болмаса оған көбіне әйелді кінәлайды.

Осындай қасаң түсініктің кесірінен тәжік әйел Мәриям да өзбек келіншек Гулидің кебін киюі мүмкін. Душанбелік 32 жастағы әйелдің төрт қызы бар, ал күйеуі отбасы "толық бақытты" болу үшін ұл қажет екенін жиі айтады.

"Дүниеге қыз келе берген сайын ол ашушаң, тұйық бола бастады. Достары мен туыстарына көрінуге ұялатын болды", – деді әйел.

Мәриямның сөзінше, енесі де оған наразы екенін жасырмай, отбасында "мұрагер" жоқтығына келінін ашық кінәлап, ұл тумаған әйел "түкке алғысыз" екенін үнемі айтады екен. Мәриям өз әпкесінің басынан өткенді жиі еске алатынын мойындайды: ол да үш қыз туған, ақырында күйеуі онымен ажырасып, басқа әйелге үйленген.

"Маған да күйеуім бір күні ажырасам деп жүре ме деп қорқамын. Немесе жасырын тоқал алар", – дейді ол.

Роман Кимнің иллюстрациясы

"Біздің қоғамда ұлды болу ер адамның жұрт арасында беделін автоматты түрде көтеріп, нағыз "еркек" екенін көрсетеді деген қате түсінік әлі бар бар. Өкінішке қарай, білімнің таяздығы мен қасаң дәстүрлер кесірінен адамдар өмірлік мән-маңызы бар мәселеде қате шешім қабылдап жатады", – дейді психолог Муаззам Ибрахимова.

Өзбекстанның репродуктологтар қауымдастығының президенті әрі репродуктивті медицина және генетика институтының директоры, медицина ғылымдарының докторы Ділмұрад Иргашев көкейкесті мәселенің тамыры тереңде екенімен келіседі.

Ол әйелге жасалатын қысым ұл тек мұрагер және әулеттің жалғасы ғана емес, оған қоса ата-ананың қартайған шағындағы экономикалық қолдау-сүйеніші деген патриархал түсініктерден туындайтынын айтады:

"Олар ұл отбасымда қалады және оның балалары я немерелерім – өзімдікі, ал қыз бала тұрмысқа шығып, жат жұрттық болады" деп ойлайды".

Ділмұрад Иргашев

Ырыммен қойылған есімдер, дүние есігін ашпаған мыңдаған қыз

Отбасы берік болуы үшін өмірге ұл бала келуі шарт деген түсінік Орталық Азияда ерте кезден келе жатқан сенім-наным және салт-дәстүрмен де байланысты айтылады.

Сондайлардың бірі – балаға ат қою ырымы. Тәжікстанда егер отбасында бірнеше қыз қатарынан дүниеге келсе, бұған "тоқтау" салуды және өмірге ұл келуін тілеп, кейінгі туған қыздың атын ырымдап қояды. Мысалы, екінші, үшінші немесе төртінші қызға Кифоя ("жетеді, болды"), Басгүл ("гүл (қыз) туу осымен тоқтасын"), Хотима ("соңғы, қорытынды") деп ат қойған. Бұл есімдер отбасының келесі перзенті ұл болсын деген ырыммен қойылған.

Your browser doesn’t support HTML5

Ұлжан еді, Бегім болды. Есімін өзгерткен әйелдің хикаясы

Дәл осындай дәстүр аймақтағы өзге елдерде де бар. Ұлды болғысы келетін қазақ ата-аналар қыздарына Ұлжан, Ұлболсын, Ұлтуар деп, Қырғызстанда да Уулжан, Уулболсун, Уулмекен немесе Бурул ("бұрылыс" деген мағынада) деп ат қойған. Түркіменстанда Огулкерек ("ұл керек") және Огулкелді ("өмірге ұл келді") деген есім берген. Өзбекстанда келесі бала ұл болуын қалаған ата-ана қыздарына "Ай ұл" дегенді білдіретін Угилой есімін қойған.

Бүгінде мұндай есімдер сирек кездеседі. Дегенмен, оларға негіз болған наным-сенім әлі де сақталған. Олар түрлі салт-дәстүрден қылаң береді.

Тәжікстанның кей аймағында үйге жаңадан келін түскен кезде оған сый-сияпаттарға қоса қолына кішкентай баланы, әдетте ұл баланы ұстатады. Бұл перзент сүйіп, ана бол деген тілекті білдіреді. Сол кезде жиналған жұрт: "Ширин шавад, шайар шавад, алдыменин писар шавад" ("Өмірі қанттай тәтті болсын, тұңғышы ұл болсын") деп тілек айтады.

ОҚИ ОТЫРЫҢЫЗ

Өзбекстанда туу көрсеткіші кейінгі сегіз жылдағы ең төмен деңгейде. Елге демографиялық дағдарыс төніп тұр ма?

Қазір Тәжікстанда ерлер саны (халықтың 50,7 пайызы) әйелдерден (49,3 пайыз) көп. Өзбекстанда бұл көрсеткіш 50,4 және 49,6 пайызға тең. Әсіресе балалар, жасөспірімдер мен жастар арасында айтарлықтай алшақтық бары байқалады.

Сарапшылар мұндай теңсіздік әлеуметтік ауыр салдарға әкелуі мүмкін деп ескертеді.

"Ең алдымен, бұл некеге отырғысы келетіндер арасында білінуі мүмкін. Қыздардан ұлдар көп. Бұл әйелдерден саны артық ер адамдарға кері әсер етеді. Және де шалғай аудандарда тұратын, табысы аз, білім деңгейі төмен кедей ер адамдарға қатты тиеді. Олар әлеуметке кіріге алмай, осал жағдайда қалуы мүмкін, себебі олар қалыпты ер адамға тән саналатын өлшемге, яғни балалары бар үйленген адам санатына жете алмадым деп өгей күй кешеді. Бұған қоса, ер адамдардың некеге отыратын жасы артуы мүмкін. Неке нарығындағы теңдік бұзылып жатқандықтан, неке саны азаяды", – деген болжам айтады Гүлнора Бекназарова.

Гүлнора Бекназарова

Оның салдары әйелдерге де білінеді, дейді сарапшы.

"Орталық Азия аймағының патриархал мәдениеттеріне тән "келісім бойынша неке" саны арта түседі. Әйел саны азайып барады. Бұл оларға қысым да көбейетінін білдіреді. Қоғам мен отбасының әйелге талабы артады, себебі олар тапшы ресурсқа айналып бара жатыр", – дейді Гүлнора Бекназарова.

Осыдан 10 жыл бұрын Біріккен Ұлттар Ұйымы Оңтүстік, Оңтүстік-Шығыс және Орталық Азия елдерінде кемінде 170 миллион әйел жетіспейді деп мәлімдеген. Оның бір себебі ретінде, әлемнің бұл аймақтарының тұрғындары дәстүрлі түрде ұл баланы артық санайыны және дүниеге әлі келмеген перзенттің қыз екенін білсе, алдыртып тастауды оғаш көрмейтіні айтылған. БҰҰ ана құрсағында жатқан баланы жынысына бола алалауды "кемсітудің жиіркенішті түрі" деп атап, ондай әдетті тоқтатуға үндеген.

Ресми Ташкент әлі өмірге келмеген баланы жынысына бола алдырып тастауға қарсы тұруға тырысып жүр. Бұл мақсаттағы ақпараттық шараларға дін қызметкерлерін де тартып, қоғамды баланы жынысына қарап алалайтын таңдауға қарсы тұруға шақыратын әлеуметтік маңызы бар роликтер жариялап келеді.

Өзбекстанның репродуктологтар қауымдастығының президенті Ділмұрад Иргашев ана құрсағындағы баланы жынысына бола алдырып тастағысы келетін ерлі-зайыптыларды ондай ойдан қайтару үшін кейде дінге жүгінетінін жасырмайды.

"Құрсағына біткен шарананың немесе экстракорпорал әдісімен ұрықтандырудан өтіп көтерген баласы қыз екенін білген соң ата-аналар келіп, оны алдырып тастағысы келетінін айтады. Мен оларға діни тұрғыдан түсіндіріп, исламда қыз тәрбиелеу үлкен нығмет екенін, оларды өмірге әкеліп, өсіріп, тәрбиелеген ата-ананың орны – жұмақ екенін айтамын. Өзімнің екі қызым барын және олар маған әрқашан зор құрметпен, сүйіспеншілікпен қарайтынын, қыздарымды қатты сағынатынымды да жасырмаймын. Және әрқашан әкелерге: "Саған міндетті түрде қыз керек", деп айтып жүремін", – дейді Иргашев.

ОҚИ ОТЫРЫҢЫЗ

Әзербайжанда құрсақтағы қызды алдыру көбейді