Қызылордада полиция белсенді Гүлнәз Серікбаеваның үйін тінтіп, өзін алып кетті. Бұл жөнінде түрлі құқық қорғау топтары хабарлады.
Оның үйіне тінту жүргізу туралы сот санкциясында “алауыздық қоздыру” (174-бап) бойынша қылмыстық іс қозғалғаны жазылған. Іске Серікбаеваның Facebook жазбалары түрткі болған деп айтылады. Сот қаулысына қарағанда, сот психологиялық-филологиялық сараптама Серікбаеваның “жазбаларының жалпы бағыты орыс, қытай ұлты өкілдеріне қатысты жағымсыз пікір айтуға бағытталған” деген қорытындыға келген.
"Зерттеуге ұсынылған Facebook әлеуметтік желісіндегі "Гульназ Серикбаева" атты қолданушының жарияланымдарында ұлттық белгілері бойынша ерекшеленетін адамдарға қатысты қорлау сипатындағы сөздер бар" тұжырымдалған" деп жазылған сот қаулысында.
Желіде жариялаған видеода оны үйінен түнде бетін қарамен жауып алған арнайы жасақ өкілдерінің ұстап әкеткені, анасының бұған қарсы болғаны көрінеді.
"Жаңа ғана милициялар келіп, қызымды жұлқылап алып кетті. Мен қасарысып едім, мені итеріп жіберді де, желкем [қабырғаға] тиді, қан қысымым көтеріліп кетті. Содан кейін жедел жәрдем шақырттық. Жедел жәрдем мені алып кетеміз деп еді, үйде кішкентай бала бар. Оны қалай тастап кетемін?! Сонымен бармай қалдым" деді оның анасы Дәбеш Шілдебаева желіде тараған видеода.
Тағы бір видеода белсендінің "міне, мені заңсыз ұстап алып бара жатыр. 174-баппен Үйіме тінту жүргізді. Барлық құқық қорғаушылардан көмек сұраймын" деп айқайлағаны көрінеді.
Азаттық 11 наурызда Қызылорда қалалық полиция департаментінің баспасөз хатшысы Гүлжаһан Қайырбергеноваға хабарласқанмен нақты жауап ала алмады.
38 жастағы Гүлнәз Серікбаева ақпан соңында "саяси тұтқын" Марат Жыланбаевты қолдағаны үшін "бейбіт жиын өткізу тәртібін бұзу" бабы бойынша кінәлі танылып, 10 күнге қамалған еді. Сот қаулысында оның Facebook желісінде "Марат Жыланбаевтың туыстары мен жақтастары шұғыл Степногорск түрмесіне жиналып, кездестіруді талап етпесе, Арон мен Дулаттың тағдыры қайталануы мүмкін" деп жазба қалдырып, осылайша "заңнамада белгіленген тәртіпті бұзғаны" жазылған. Сотта Серікбаева өзіне тағылған айыппен келіспеген.