Қызылордада “алауыздық қоздыру” (174-бап 1-бөлігі) бойынша айыпталған белсенді Гүлназ Серікбаева 3 жылға бас бостандығынан айырылды. Адвокаты Абдулла Бақбергеновтің сөзінше, прокурор оны 6 жылға соттауды сұраған. Cот оны кінәлі танып, 3 жыл түрме берген.
Іске Серікбаеваның Facebook жазбалары түрткі болған деп айтылады. Бұған дейін сот психологиялық-филологиялық сараптама Серікбаеваның “жазбаларының жалпы бағыты орыс, қытай ұлты өкілдеріне қатысты жағымсыз пікір айтуға бағытталған” деген қорытындыға келгені хабарланған еді.
Прокурор сотта Серікбаеваның “алауыздық қоздыратын” жазба жариялағанын айтып, "экстремистік қылмыс жасады" деп айыптаған.
Ал адвокатының сөзінше, Гүлназ Серікбаева өзіне тағылған айыптарды мойындамаған. Ол конституциялық құқығын пайдаланып, пікірін жеткізгенін, совет кезіндегі қазақ халқы бастан кешкен зобалаң туралы айтқанын, ешкімнің ар-намысына тимегенін айтқан. Адвокат судья Гүлназ Серікбаеваның кәмелетке толмаған баласы барын, мүгедек анасы барын ескермеді дейді.
"[Гүлназ] "Қытаймен дәлізді ашып қойғанын, олардың елге ағылып жатқанын, түрлі қылмыс көбейгенін .... конституциялық құқығымды пайдаланып, осының бәрін сынадым" деді. Сот "иә, иә" деп отырды да, үш жылға бас бостандығынан айырды. Кәмелетке толмаған балаға да қараған жоқ, анасы мүгедек еді, оған да қараған жоқ. Өзі жалғабасты ана, оған да қараған жоқ. Денсаулығы жоқ. Сот әділетсіз өтті деп есептеймін" деді адвокат Абдулла Бақбергенов соттан кейін.
Оның сөзінше, қорғау жағы үкімді апелляцияға бермек.
Адвокатың айтуынша, Гүлназ Серікбаева бұған дейін 4,5 ай қамауда отырған. Оның қамауда отырған әр күні 1,5 күнге тең саналмақ.
2 шілдеде Қызылорда қаласының N2 сотының Мадина есімді қызметкері Азаттық тілшісіне судьялардың өндірісіндегі ақпараттарды айта алмайтынын жеткізді.
"Электронды түрде сауал жіберіңіз. Біз ешқашан телефонмен ақпарат бермейміз" деді ол.
38 жастағы Гүлнәз Серікбаева биыл ақпан соңында "саяси тұтқын" Марат Жыланбаевты қолдағаны үшін "бейбіт жиын өткізу тәртібін бұзу" бабы бойынша кінәлі танылып, 10 күнге қамалған еді. Сот қаулысында оның Facebook желісінде "Марат Жыланбаевтың туыстары мен жақтастары шұғыл Степногорск түрмесіне жиналып, кездестіруді талап етпесе, Арон мен Дулаттың тағдыры қайталануы мүмкін" деп жазба қалдырып, осылайша "заңнамада белгіленген тәртіпті бұзғаны" жазылған. Сотта Серікбаева өзіне тағылған айыппен келіспеген.
Гүлназ Серікбаева Қытай қазақтарының құқығын қорғайтын "Атажұрт" ұйымына да мүше деп айтылады.