Рақымшылық туралы заң жобасы мәжіліске түсті

21 мамырда Рақымшылық туралы заң жобасы мәжіліске түсті. Құжаттың толық атауы – "ҚР жаңа Конституциясын қабылдауға байланысты рақымшылық жасау туралы" деп аталады.

“Бұл құжаттар республикалық референдумда жаңа Конституцияның қабылдануына орай мемлекет басшысының қылмыстық және әкімшілік рақымшылық жасауды жариялауына байланысты әзірленді. Заң жобалары қылмыстық рақымшылық аясында зиян келтіруге әкеп соқпаған немесе оны толық өтеген ауырлығы төмен, сонымен бірге орташа қылмыстық теріс қылықтар мен қылмыстар бойынша жауаптылықтан босату, ал ауыр және аса ауыр қылмыстар бойынша толық өтелген жағдайда мерзімдерді қысқарту ұсынылады” деді депутат Снежанна Имашева мәжілісте.

Бұған қоса, осы заң аясында айыппұл түрінде жазаланған адамдар да жазадан босатылмақ.

“Айыппұл көлемін нақты айта алмаймын, бірақ бұл бірнеше миллиард теңге” деді депутат.

Биыл 17 наурызда Ақордада Қазақстанның жаңа Конституциясына қол қою салтанатты рәсімінде сөйлеген президент Қасым-Жомарт Тоқаев елде биылғы жылдың аяғына дейін рақымшылық жариялау туралы заң қабылдау жөнінде ұсыныс айтқан. Ол елде әкімшілік істер бойынша рақымшылық алғаш рет жасалатынын да атап өткен еді.

Ізінше заң жобасы әзірленді.

Былтыр жазда президент Тоқаев Қазақстан Конституциясының қабылданғанына 30 жыл толуына байланысты рақымшылық жариялау туралы заңға қол қойған. Биыл қаңтарда Ішкі істер министрлігі Қылмыстық-атқару жүйесі комитетіне қарасты мекемелерден 2 мыңнан астам адам босатылған. Комитет мәліметінше, елдегі соттар шамамен 16 мыңға жуық арыз-өтінішті қарап, нәтижесінде 11 мыңнан астам азаматтың жаза мерзімі қысқартылған. Бұдан бөлек, пробация қызметі есебінде тұрған адамдарға қатысты материалдар қаралып, 2,9 мыңға жуық адам жазаның қалған бөлігін өтеуден босатылған, тағы 7,6 мыңнан астам адамның жаза мерзімі азайтылған.