Ресей әскері Кривой Рогқа соққы жасап, 2 адам қаза болды

Кривой Рогқа жасалған соққының салдары. 20 қараша 2026 жыл.

Ресей әскері 20 қараша күні кешке Украинаның Кривой Рог қаласына шабуыл жасады. Шабуылдың салдарынан 20 жастағы жедел жәрдем фельдшері және 7 жастағы бала қаза болды.

Днепропетровск облыстық әскери әкімшілігінің басшысы Александр Ганжа бастапқыда ауруханада 7 жастағы баланың ауыр халде жатқанын хабарлаған. Кейін баланың көз жұмғаны белгілі болды.

40-тан астам адам жараланды. Олардың арасында үш бала және екі төтенше жағдай қызметінің маманы бар.

Қала билігінің мәліметінше, Ресей әскері қаланың орталығындағы танымал мейрамхананың автотұрағына екі баллистикалық зымыранмен соққы жасаған.

Кривой Рог қорғаныс кеңесінің басшысы Александр Вилкул құтқару жұмыстары жүріп жатқан кезде Ресей әскері тағы екі рет дронмен шабуыл жасағанын жазды.

Кейін Александр Ганжа Днепр ауданына да шабуыл жасалғанын хабарлады. Салдарынан жеке тұрғын үй өртенген.

«Үш адам жараланды. 77 жастағы ер адам орташа ауыр жағдайда ауруханаға жатқызылды. Ал 61 және 75 жастағы әйелдер амбулаториялық ем қабылдайды» деп жазды ол.