Ресей әскері Одесса мен Запорожьеге соққы жасады, қаза болғандар бар

Запорожье

Ресей әскері 29 қарашаға қараған түні Украинаның бірнеше өңіріне дрондармен шабуыл жасады.

Одессада соққыдан көпқабатты тұрғын үй өртенді. Алдын ала мәлімет бойынша, бір адам — қарт әйел қаза тауып, бірнеше адам жараланды. Бұл туралы Одесса қалалық әскери әкімшілігінің басшысы Сергей Лысак хабарлады. Сонымен қатар қойма ғимараттары да зақымданған.

Украина қарулы күштерінің әуе күштері Ресей әскері 140 дрон ұшырғанын, оның 101-і атып түсірілгенін мәлімдеді. Бұл ақпаратты тәуелсіз дереккөздер әзірге растаған жоқ. Ал Ресей қорғаныс министрлігі Одессада логистикалық орталық қиратылғанын хабарлады. Сондай-ақ Кременчугтегі оқ-дәрі өндірілген деген темекі фабрикасына және Запорожьедегі көпірге соққы жасалғанын мәлімдеді.

28 қараша кешке Киев пен Запорожье де шабуылға ұшырады. Киевтің Соломен ауданында бір әйел қаза тапқан, ал Шевченко ауданында бес жасар баланы қоса алғанда төрт адам жараланған. Қала мэрі Виталий Кличконың айтуынша, дрон сынықтары балабақша аумағына құлап, әкімшілік ғимараттардың бірі қираған.

Запорожьеде басқарылатын авиабомбалармен жасалған шабуылдан тұрғын үйлер орналасқан аудан зардап шекті. Жергілікті билік бір әйелдің қаза тауып, бірнеше адамның жараланғанын хабарлады.

Украина ұлттық полициясының мәліметінше, 28 қарашада Полтава облысындағы Кременчуг қаласына жасалған шабуылдан бір адам қаза тауып, бес адам жараланған. Көпқабатты үйлер мен көліктер бүлінген.