Ресейдің түнгі шабуылдарынан Украинада бірнеше адам қаза тапқан

Ресейдің әуе шабуылынан шыққан өртті сөндіріп жатқан төтенше жағдайлар қызметінің өкілдері. Одесса, Украина, 11 сәуір, 2026 жыл.

11 сәуірге қараған түні Ресей әскері Одессаға жаппай әуе шабуылын жасады. Қала әкімшілігінің басшысы Сергей Лысак екі адам қаза тауып, кемінде екі адам жараланды деп хабарлады. Ондаған ғимаратқа, соның ішінде балабақша мен жатақханаға, инфрақұрылым нысандарына зақым келген.

Полтава облысы басшысы Виталий Дьяковнич сенбіге қараған түні Лубны ауданында Ресей дроны түсіп, салдарынан бір адам қаза тауып, тағы бірі жараланды, деп жазды Telegram-арнасына.

Сенбі күні таңертең Ресей әскері Херсон облысындағы Федоровка ауылына "Молния" текті дрондармен шабуыл жасады, деп хабарлады облыстық әскери әкімшілік басшысы Александр Прокудин. Салдарынан 73 жастағы жергілікті тұрғын әйел қаза тапқан.

Прокудин Корабель ауданынан 1975 жылы туған ер адам өлі табылғанын, болжам бойынша, ол шабуыл кезінде өлімші болып жараланып, кейін көз жұмғанын айтты.

Никопольде дрон шабуылы салдарынан жанып кеткен екі жүк көлігінің бірінің 67 жастағы жүргізушісі оқиға орнында қаза тапты, деп хабарлады Днепропетровск облыстық әкімшілігінің басшысы Александр Ганжа.