Ресей билігі 2022 жылдан бері қамауда болған, кейінгі кезде денсаулығы күрт нашарлаған АҚШ азаматы Роберт Гилманды қамаудан босатқан. Батыс басылымдары таратқан бұл ақпаратты АҚШ мемлекеттік департаменті де растап, Гилманның "гуманитарлық себептермен" босатылғанын айтқан.
АҚШ президенті Дональд Трамп та Гилманның босатылғанын мәлімдеді. Ол Truth Social желісінде Гилманның ұшақ бортындағы суретін жариялап, ол АҚШ-қа қайтып келе жатыр деп хабарлады.
Трамп Гилманды босату туралы келісімге Ресей президенті Владимир Путинмен жүргізілген келіссөздерден кейін қол жеткізілгенін, Ресей тарапы америкалық азаматты босату үшін ештеңе талап етпегенін және бұл тұтқын алмасу емес екенін айтты.
Ресей президентінің арнайы өкілі Кирилл Дмитриев те Гилманның "гуманитарлық себептермен" босатылғанын жазды. Алайда Ресейдің ресми билігі әзірге оның босатылуына байланысты толымды түсініктеме берген жоқ. Reuters агенттігінің мәліметінше, Гилманға кешірім беру туралы шешімді Владимир Путин қабылдаған.
Ақ үйі мен Мемлекеттік департаменті Гилманды қамаудан босатуға бірнеше рет күш салған. АҚШ тарапы оның денсаулығы нашарлағанын айтып, оның АҚШ-та медициналық көмек алуына мүмкіндік жасауды сұраған.
Кейінгі уақытта Воронеж облысындағы колонияда жазасын өтеп жатқан Гилман денсаулығы нашарлауына байланысты ауруханаға жатқызылған. Жақындары Гилман күйзеліс салдарынан маусым айынан бері сөйлемейтін жағдайға түскенін, оның алдында азаптауға ұшырағаны және оған санаға әсер ететін дәрі-дәрмек еккені жайлы шағынғанын айтқан.
Трамп Гилманды АҚШ-қа жеткен кезде президенттің арнайы өкілдері Стив Уиткофф пен Джаред Кушнер, сондай-ақ президенттің ұлттық қауіпсіздік жөніндегі кеңесшісінің орынбасары Себастьян Горка қарсы алады деп мәлімдеген. Олар Гилманды босату жөніндегі келіссөздерге қатысқан.
Роберт Гилман 2022 жылдың қаңтарында Ресейде тұтқындалып, қазан айында мас күйінде полиция қызметкеріне шабуыл жасады деген айыппен төрт жарым жылға бостандығынан айрылған (кейінірек жаза мерзімі үш жарым жылға дейін қысқартылды). 2024 жылдың күзінде Воронеж соты Гилманды түрме қызметкері мен тергеушіге шабуыл жасағаны үшін кінәлі деп тауып, жеті жыл бір айға қатаң режимдегі түзеу колониясына қамауға үкім еткен. Тергеушілердің айтуынша, Гилман түрмеде отырған кезде, 2023 жылдың күзінде Ресей Тергеу комитетінің тергеушісіне, сондай-ақ түрме қызметкерлеріне шабуыл жасаған. Сотталушы жәбірленушілерге шабуыл жасағанын мойындап, "олар әкемді қорлады" деген уәж келтірген. Соңғы сөзінде Гилман ол жағдайда басқаша әрекет ете алмайтынына сотты сендіруге тырысқан. Бұрын Совет одағынан Батысқа қоныс аударған Гилманның әкесі Boston Globe газетінде шыққан мақаласында ұлына қарсы айыптауларды жалған деп атаған.
Қазір Ресейде оншақты АҚШ азаматы қамауда отыр. АҚШ мемлекеттік хатшысы Марко Рубио X әлеуметтік желі платформасында АҚШ Ресейге Гилманды босатқаны үшін алғыс айтатынын, бірақ ол елде әділетсіз қамалып, түрмеде отырған басқа да АҚШ азаматтары барын жазды.