Ресей дрондары Польшаға жақын аумақты соққылады. Украина Мәскеу "НАТО есігін қақты" деп ескертті

Ресей әскерінің Украинадағы пойыздарға шабуылы. Қазан айы, 2025 жыл.

Ресейлік екі дрон 13 қыркүйекте Польша шекарасына жақын аумақты соққылады, Украина билігі Мәскеу "ЕО мен НАТО-ның есігін қақты" деп мәлімдеп, санкцияны күшейтуге шақырды.

Ресейлік дрон жексенбі күні күндіз Польша мен Украина арасындағы Ягодин жанармай станциясына соққы жасады. Зардап шеккендер туралы мәлімет жоқ. Украинаның Волын облысындағы шекара бекеті жабылып, қайта ашылды.

Волында сонымен бірге ресейлік дрон Польша шекарасынан екі шақырым жердегі жолаушылар пойызы локомотивіне соққы жасады деп хабарлады Украина темір жолы. Олардың айтынша, мониторинг топтары пойыздың қызметкерлеріне қатер жөнінде алдын ала ескертіп үлгерген.

Видеода халықтың темір жол станциясында жарылыс болған аумақтан қашып жатқаны көрінеді. Сол жақтағы көлік қызметкері Олександр Шевченконың сөзінше, ресейлік дрон Варшавадан Киевке келе жатқан пойыз локомотивіне 13 қыркүйекте таңертең соққы жасаған. Зардап шеккендер туралы ақпарат жарияланбады.

Мұндай соққы Ресей Украинадағы азаматтық инфрақұрылым нысандарына шабуылын күшейткен тұста жасалды. Сонымен қатар ЕО өкілдері Ресейдің Еуропа елдерінің әуе кеңістігін бұзу әрекеттері жиілеп, мұндай жағдай «қалыпты құбылысқа» айналып бара жатқанын ескерткен кезде жасалды.

"Ресейдің Украина-Польша шекарасындағы Ягодинге варварлық шабуылдары шекарамызға жасалған соққылардың жалғасы ғана емес. Бұл ЕО мен НАТО-ның "есігін тіке қаққан" Путиннің терроры" деп жазды Украина сыртқы істер министрі Андрей Сибига X желісінде.

Ол Еуропа басшыларын Ресейге қарсы санкцияны күшейтуге шақырды.

"Мәскеу террорының салдарын сезінсін. Жарым-жартылай шешім емес, ымырасыз, қуатты қадамдар [керек]. Тұтас саудаға эмбарго. Кіруге толық тыйым. Әскери-өнеркәсіп кешеніне қарсы толық санкция" деді ол.

Осы айдың басында Германияда жарылғыш заттары бар дрон Лейпциг әуежайының жұмысын тоқтатқан кезде Берлин оқиғаға Мәскеуді ресми түрде айыптаған. Еурокомиссияның басшысы Урсула фон дер Ляйен мұның қалыпты құбылысқа айналып бара жатқанын айтқан.

Украина президенті 13 қыркүйекте Ресей өткен аптада Украинаға аумағына жалпы 1200 дрон, 1700 қанатты бомба, 73 ракета ұшырғанын айтқан.

"Бұл соққының әрі қарай Еуропаға жайылуына жол бермес үшін украин ерлері мен әйелдері күн сайын күресіп, өмірлерін қиып жатыр" деп жазды Телеграм-парақшасында. "Ресей терроризмі көпке қатер, бірақ оны қазір Украинада жеңуге болады және жеңу керек".