Ресей дроны Запорожьедегі 9 қабатты тұрғын үйге соққы жасады

Запорожьедегі дрон шабуылына ұшыраған үй. 16 желтоқсан, 2025 жыл.

16 желтоқсанға қараған түні Ресей әскері Украинаның Запорожье қаласындағы 9 қабатты тұрғын үйге әуеден соққы жасады, соның салдарынан үш адам жараланды. Бұл жөнінде Украинаың төтенше жағдай жөніндегі мемлекеттік қызметі хабарлады.

Тұрғын үйдің 5 және 6-қабаттарындағы төрт пәтер өртке оранған. Өрт сөндірілді, психологтар зардап шеккендерге көмек көрсетіп жатыр.

Запорожье облыстық әкімшілігінің басшысы Иван Федоровтың айтуынша, оқиға орнында 49 адам көмек сұраған. Көбінің үйлері бүлінген не түгел қирап қалған.

Украина қарулы күштерінің мәліметі бойынша, 16 желтоқсанға қараған түні Ресей Украинаға екі «Искандер-М» баллистикалық зымыранын және 97 дрон атқан. Елдің әуе қорғанысы 63 дронды атып түсірген.

Украина басшылығы мен халықаралық ұйымдар азаматтық инфрақұрылым мен бейбіт адамдарға жасалған соққыны әскери қылмыс деп санайды. Ал Ресей басшылығы мұны мойындамайды, олар тек әскери нысандарды көздеп жатқанын айтады.