Ресей Киевке соққы жасады: 4 адам қаза болды, 19 адам жарақаттанды

Киевке жасалған соққының салдары, 9 қаңтар 2026 жыл.

9 қаңтарға қараған түні Ресей Киевке соққы жасады. Соның салдарынан кемінде 4 адам қаза болып, 19 адам жарақаттанды, 14 адам ауруханаға жатқызылды. Бұл жөнінде қала мэрі Виталий Кличко хабарлады.

"Қаза болғандардың арасында бір дәрігер бар. Төрт медицина қызметкері зардап шекті. Маңызды инфрақұрылым нысандары қирады. Кейбір аудандарда су және энергия жабдықтау жүйесі істен шықты" деп жазды 9 қаңтарда таңертең Кличко өзінің телеграм-арнасында

Оның сөзінше, Дарницк, Деснянск, Днепровск, Печерск және Шевченко аудандарында өрт болған.

Бұған дейін әуеден соққы жасалатуы мүмкін екенін Украина президенті Владимир Зеленский мен АҚШ-тың Украинадағы елшілігі ескерткен.

Киев облысы Бровар ауданында жедел қызмет үйінді астынан тұтас бір отбасын құтқарған: ерлі-зайыпты мен олардың бес жасар қызы мен әжесін сыртқа шығарған. Олардың барлығы ауруханаға жатқызылған.

Украинаның әуе күштері Ресей әскері түні бойы Киевке дрон, қанатты және баллистикалық ракеталармен соққы жасағанын хабарлады. Қаланың түрлі аумағында жарылыс естілген.

Ресей әскері Украина аумағына жиі соққы жасап жатыр. Дегенмен Мәскеу дәлелдерге қарамастан маңызды азаматтық инфрақұрылым нысандары мен тұрғын үйлер, аурухана мен балабақшаларға соққы жасағанын жоққа шығарады.

Украина билігі мен халықаралық ұйымдар мұндай соққыларды Ресейдің әскери қылмысына жатқызып, оларды қасақана жасалған шабуыл ретінде сипаттайды.