Ресей мен АҚШ делегациялары 4-5 ақпанда Әбу-Дабиде өткен келіссөздер барысында жоғары деңгейдегі әскери диалогты қайта жандандыруға келісті. Бұл туралы АҚШ қарулы күштерінің Еуропадағы басшылығы хабарлады.
Аталған байланыс арнасы 2021 жылғы күзде – Ресей Украинаға қарсы кең ауқымды басқыншылық соғыс бастардан біраз уақыт бұрын – тоқтап қалған болатын.
АҚШ қарулы күштерінің Еуропадағы басшылығының жетекшісі, генерал Алексус Гринкевич Біріккен Араб Әмірліктері астанасында ресейлік және украиналық жоғары лауазымды тұлғалармен кездесулер барысында байланысты қайта жандандыруға келіскен.
"Қарулы күштер арасындағы диалогты сақтау – тек күшпен қол жеткізуге болатын жаһандық тұрақтылық пен бейбітшіліктің маңызды факторы. Ол ашықтықты арттыруға және шиеленісті төмендетуге мүмкіндік береді", – деген АҚШ қарулы күштерінің Еуропадағы басшылығы мәлімдемесінде.
Баспасөз баянында сонымен бірге Гринкевичтің НАТО-ның Еуропадағы Біріккен күштерінің бас қолбасшысы ретінде "кез келген тараптың қателіктерге жол бермеуі және байқаусызда жағдайды шиеленістіріп алмауы" үшін Ресей бас штабы бастығы генерал Валерий Герасимовпен әскери диалог жүргізуге өкілеттігі бары айтылған.