Мәскеу мен Дамаск Сирия аумағындағы ресейлік әскери және азаматтық нысандар мәртебесін қайта қарау жөніндегі меморандумға қол қойды. Мұны Сирия сыртқы істер министрлігі хабарлады.
Құжаттың қабылданғанға дейін екі ел шамамен бір жарым жылға созылған келіссөздер барысында Ресейдің Сириядағы әскери және азаматтық инфрақұрылымының, әсіресе Жерорта теңізі жағалауындағы Тартус пен Хмеймимдегі Ресейдің негізгі әскери нысандарының болашағын талқылаған.
Сирияның SANA агенттігінің мәліметінше, меморандумға сәйкес, Ресей бірқатар азаматтық нысандарды басқаруды Сирияға береді. Олардың қатарында Хмеймим әуежайы мен Тартус портындағы төртінші коммерциялық терминал бар. Бұл нысандар кезең-кезеңімен Сирияның азаматтық инфрақұрылым жүйесіне біріктірілуі тиіс.
Ал Ресейдің әскери базалары мен басқа да әскери нысандарын бірлескен ресейлік-сириялық оқу-жаттығу орталықтарына айналдыру көзделіп отыр. Жаңа орталықтар екі елдің мүддесіне сай жұмыс істеп, әскери мамандар даярлау мен жаттықтыруға бағытталмақ. Меморандумда бұл қайта ұйымдастыру үдерісін үш ай ішінде аяқтау жоспарланғаны көрсетілген.
Сирия сыртқы істер министрлігі қабылданған шешімдерді екі ел арасындағы қарым-қатынастың "жаңа тарауын" ашатын қадам ретінде бағалады.
Ресей Сирия аумағындағы пайдаланып келген нысандардың мәртебесін қайта қарау мәселесі Башар Асад билігі құлағаннан кейін ерекше өзекті болды. 2024 жылғы желтоқсанда Асад биліктен кеткеннен кейін Ахмед әш-Шараа Сириядағы негізгі саяси тұлғаға айналды.
2025 жылғы ақпанда Сирияның жаңа үкіметінің қорғаныс министрі Мурхав Әбу Касра Ресейге Жерорта теңізі жағалауындағы әскери-теңіз және авиациялық базаларын сақтап қалуға мүмкіндік беру мәселесі қарастырылып жатқанын мәлімдеген. Оның айтуынша, мұндай келісім Сирияның ұлттық мүддесіне сай болмақ.
Сол жылдың қазан айында Ахмед әш-Шараа Мәскеуге барып, Ресей президенті Владимир Путинмен Кремльде кездесті. Кездесу барысында олар екіжақты қарым-қатынастарды, соның ішінде Ресейдің Сириядағы болашақтағы рөлін талқылаған.