Ресей мен "Талибан" әскери ынтымақтастық туралы келісімге қол қойды

Ресей сыртқы істер министрі Сергей Лавров және "Талибан" үкіметінде сыртқы істер министрі қызметін атқаратын Әмір Мұттақ. Мәскеу, 7 қазан 2025 жыл.

Ресей мен Ауғанстанның “Талибан” үкіметі әскери ынтымақтастық туралы келісімге қол қойды.

Ресейлік БАҚ-тың хабарлауынша, келісімге 27 мамырда Мәскеу маңындағы қауіпсіздік форумы кезінде Ресей Қауіпсіздік кеңесінің хатшысы Сергей Шойгу мен “Талибанның” қорғаныс министрі Мұхаммед Жақып қол қойған.

Дегенмен тараптар әскери ынтымақтастық туралы келісімнің мәтінін әлі жариялаған жоқ және ол жөнінде толымды ақпарат жоқ. Сондықтан, бұл құжат әскери ынтымақтастықтағы елеулі өзгеріс пе, әлде саяси қадам ба, ол жағы әлі белгісіз.

Әскери-техникалық ынтымақтастық туралы келісімдер қару-жарақ сату, әскери дайындық, техникалық қызмет көрсету, логистикалық қолдау немесе техникалық көмек сияқты әртүрлі салаларды қамтуы мүмкін. Шығыстанушы Руслан Сүлейменов The Insider басылымына берген сұхбатында Мәскеу мен Кабул арасындағы келісімді "символдық шара" деп атаған. Ресей тәліптермен "байыпты әскери ынтымақтастыққа барады" деуге негіз жоқ деген.

Ресей "Талибанды" Ауғанстанның заңды үкіметі ретінде ресми түрде таныған жалғыз ел. Мәскеу мұндай шешімді 2025 жылы қабылдаған.

"Талибан" АҚШ пен НАТО әскері Ауғанстаннан шығарылғаннан кейін 2021 жылы билікке оралған. "Талибанмен" бұған қоса, Қытай, Қазақстан және Өзбекстанды қоса алғанда, бірқатар ел дипломатиялық, сауда және экономикалық қарым-қатынасты сақтап отыр, бірақ оның үкіметін ресми түрде мойындаған жоқ. Қазақстан бұл қозғалысты террористік ұйымдар тізімінен алып тастаған.

Соңғы жылдары Ресей Ауғанстанның қауіпсіздік мәселелері бойынша негізгі келіссөздер алаңдарының бірі ретіндегі өз орнын нығайтуға тырысып, "Талибан" өкілдерін бірнеше рет қабылдаған.

Мәскеу әсіресе, "Ислам мемлекеті-Хорасан" сияқты радикалды топтардан қауіптенеді. Ресей мұндай топтар өз қауіпсіздігіне және стратегиялық аймақ деп санайтын Орталық Азияға қауіп төндіреді деп санайды.

ОҚИ ОТЫРЫҢЫЗ

Орталық Азия оңтүстікке шығар жол іздеп, "Талибанмен" жақындасып жатыр. Бұдан Қытай ұта ма?