Ресей мен Украина АЭС аумағында атысты уақытша тоқтатуға келісті

Ресей мен Украина Атом энергиясы жөніндегі халықаралық агенттіктің (МАГАТЭ) араағайындық етуімен Запорожье атом электр станциясы аумағында атысты уақытша тоқтатуға келісті. Бұл жөнінде МАГАТЭ-нің бас директоры Рафаэль Гросси мәлімдеді. Ол екі тарапқа электр энергиясын тасымалдауды қалпына келтіру үшін қажет жағдай жасауға келіскені үшін алғыс айтты.

Аумақта атысты тоқтату режимі іске қосылғаннан кейін жөндеу жұмыстары басталған. Негізгі жұмыстар МАГАТЭ-нің бақылауында және бірнеше күнге созылуы мүмкін.

Агенттік өкілдерінің айтуынша, мәселе уақытша және локальды атысты тоқтату режимі жөнінде болып отыр. Ол маңызды инфрақұрылымды қалпына келтіруге және қауіпсіздікті қамтамасыз етуге бағытталған.

Соғыс аяқталғаннан кейін Запорожье атом электр станциясын басқару мәселесі бейбітшілік жоспарындағы әлі шешілмеген негізгі мәселелердің бірі ретінде қалып отыр. Бұған дейін Вашингтон станцияны Украина, АҚШ және Ресей бірігіп басқаруы керек деген. Украина станцияны Ресейсіз басқаруды талап етіп отыр.

Ал Ресей президенті Владимир Путин 24 желтоқсанда станцияны Украинасыз басқару мүмкіндігі туралы айтқан.

Украина президенті Владимир Зеленскийдің сөзінше, Флоридада АҚШ президенті Дональд Трамппен кездесу кезінде Запорожье АЭС-і талқыланатын негізгі мәселелердің бірі болмақ.

Еуропадағы ең ірі атом электр станциясы Запорожье АЭС-ін 2022 жылы соғыс басталған кезде Ресей басып алған.