Ресей Өзбекстанның оңтүстігіне әскери техникасын орналастырды

Термездегі әскери жаттығу. Көрнекі сурет.

Өзбекстанның Ауғанстанмен шектесетін Сурхандария облысындағы «Термез» полигонында «Қамқорлық-2026» атты екі елдің біріккен тактикалық әскери жаттығулары басталды. Бұл жөнінде ТАСС Ресей орталық әскери округінің баспасөз қызметіне сүйене отырып хабарлады.

Жаттығуға қатысу үшін Тәжікстанда орналасқан Ресейдің 201-гвардиялық әскери базасының бөлімшелері Өзбекстанның оңтүстігіне келді. ТАСС мәліметінше, Ресей әскері Тәжікстан мен Өзбекстанның таулы жолдарымен 300 шақырымнан астам жол жүрген.

Екі елдің әскери қызметкерлері шекара маңынан шартты түрде заңсыз қарулы топтардың шағын бөлігі анықталған жағдайда бірлесіп әрекет ету тәсілдерін пысықтайды. Жаттығуға тау әскері мен шабуылдаушы бөлімдер, барлау және соққы беретін дрон экипаждары, жерүсті роботтандырылған кешендер, сонымен бірге Ми-24 тікұшақтары қатысады.

Бірлескен жаттығулар Ресей сыртқы істер министрі Сергей Лавровтың Ауғанстан аумағынан төнген қауіп туралы мәлімдемесінен кейін басталды.

16 қазанда Орталық Азиядағы қауіпсіздік жөніндегі конференцияда Лавров халықаралық террористік топтар, соның ішінде «Хорасан уәлаяты» да бар, Ауғанстаннан Орталық Азия елдеріне босқын мен туристердің атын жамылып өтуге тырысып жатқанын айтты. Оның сөзінше, Тәжікстан, Түркіменстан және Өзбекстанмен шекаралас аудандарда содырлардың тірек орындары әлі де бар.

Өзбекстандағы жаттығулар АҚШ мемлекеттік хатшысы Марко Рубионың Самарқанда Орталық Азия елдерінің сыртқы істер министрлерімен кездесуінен кейін басталды. Вашингтон Рубионың сапары АҚШ-тың Орталық Азия елдерімен дипломатиялық және экономикалық байланыстарын нығайтуға бағытталғанын мәлімдеген. Бұл аймақта Ресей мен Қытайдың да мүдделері бар.