Ресей Қазақстанға “Достық” құбыры арқылы мұнай экспорттауды тоқтататынын ресми түрде хабарламаған

Ресей Қазақстанға “Достық” құбыры арқылы мұнай экспорттауды тоқтататынын ресми түрде хабарламаған.

22 сәуірде аймақтық экосаммит кулуарында энергетика министрі Ерлан Ақкенженов журналистерге осылай деп мәлімдеді.

“Бұл ақпаратты (Ресейдің мұнай тасымалдауды тоқтататынын - ред.) бейресми дереккөздер арқылы алдым. Ресей Федерациясы жағынан ресми мәлімдеме әзірге келген жоқ. Бірақ бейресми дереккөздер арқылы біз мұның шын екенін білеміз” деді Ақкенженов.

Ақкенженов бұл Ресей инфрақұрылымына жуырда жасалған соққылармен байланысты болуы мүмкін” деп топшылайды.

Оның сөзінше, мамыр айында “Достық” құбыры арқылы Шведт қаласына мұнай тасымалдау жоспарланбаған. Жалпы екінші тоқсанда бұл бағыт бойынша мұнай тасымалданбаған. Алайда техникалық мәселелер шешілгеннен кейін мұнай транзиті жалғаспақ.

Бір күн бұрын дереккөздерге сүйенген Reuters Ресей 1 мамырдан бастап "Достық" құбыры арқылы Қазақстаннан Германияға мұнай жеткізуді тоқтатады деп жазған еді. Аты-жөнін жарияламауды сұраған дереккөздер агенттікке мұнай экспорттаудың өзгертілген кестесі Қазақстан мен Ресейге жіберілгенін айтқан.

2025 жылы Қазақстан "Дружба" құбырымен Германияға 2 миллион тоннадай, яғни тәулігіне шамамен 43 мың баррель мұнай экспорттаған. Бұл көреткіш 2024 жылмен салыстырғанда 44 пайызға көп.

Қазақстан құбырға мұнайды Өзен–Атырау–Cамара бағытымен жеткізіп, әрі қарай Ресейдің "Транснефть" жүйесіне қарайтын құбырмен Германияға жібереді. Көмірсутегі шикізаты Қарашығанақ, Қашаған және Теңіз кеніштерінен KEBCO (Kazakhstan Export Blend Crude Oil) деген брендтпен жөнелтіледі.

Германияға мұнай "Дружба" құбырының солтүстік тармағымен тасымалданады, ол Польша жерін басып өтеді. Украин дрондарының құбырға шабуылы салдарынан тасымал тоқтаған кездер көп болды.

21 сәуірде де Reuters-тің хабарлауынша, украин дрондары Ресейдің Самара облысындағы мұнай айдайтын диспетчерлік станцияға шабуыл жасаған. Бұл совет кезеңінде төселген "Достық" құбырының бір бөлігі. Соққыдан өрт шығып, мұнайы бар бес қойма бүлінген.

Қазақстан соңғы жылдары Германияға мұнай экспортын арттыру керегін айтып келеді.

Германиядағы ең ірі мұнай өңдеу орындарының бірі – Шведт қаласындағы PCK зауыты 2022 жылы соғыс басталғалы Ресей мұнайын алуды тоқтатып, ішінара Қазақстан мұнайын пайдаланып келеді.