Ресей сынақ ретінде елге сырттан 1,7 миллион мигрант енгізбек

Ресей полициясы мигранттардың құжатын тексеріп жатыр (көрнекі сурет)

Ресей пилоттық жоба аясында сырттан 1,7 миллион мигрант тартуды жоспарлап отыр, олардың үштен екісі Ресеймен визасыз режимі бар ТМД елдерінен барады деген болжам жасалып отыр деп жазды ресейлік "Коммерсантъ" басылымы.

Ұйымдасқан түрде жұмысқа орналастыру қағаз құжат бойынша емес, тізімге тіркеу моделін қолдану арқылы жүргізілмек. Осы мақсатта билік орындары 2026 жылдың аяғына дейін жаңа ақпараттық жүйені іске қосуды көздеп отыр.

Жоба құны әлі белгісіз. Пилоттық жобаны басқару шығындарын жабу үшін Ішкі істер министрлігі электрон тізімдерге ақпарат енгізу үшін мемлекеттік баж алуды ұсынады. Жобадан бюджетке 13,6 миллиард рубль кіріс түседі деген болжам айтылып отыр.

Ресейлік компаниялар жұмысқа тартатын шетелдіктермен тек мерзімді еңбек шартын жасай алатыны хабарланды.

Пилоттық жоба 2026-2030 жылдарға арналған жаңа көші-қон саясатының бөлігі болмақ және шетелдік жұмыс күшін тарту тәсілін түбегейлі өзгертпек. Оның нәтижелері Ресейдің көші-қон процестерін бақылауды сақтай отырып, негізгі салалардағы кадр тапшылығын қаншалықты сәтті шеше алатынын анықтайды.

Ресей ішкі істер министрлігінің мәліметтері бойынша, 2025 жылы елден 72 000 шетелдік азамат депортацияланған. Билік мұндай шараларды күшейту мигранттардың заң ережелерін мойынсұнуын қамтамасыз ету мен бақылауды нығайтуды көздегенін айтады.

Биыл сәуір айында Ресей ішкі істер министрлігінің өкілі Ирина Волк билік биыл елден тағы алты мыңға жуық мигрантты депортациялауды жоспарлап отырғанын хабарлаған.